"Қазақтың Мбаппесі". Дастан Сәтпаев Еуропада қызу талқыға түсті

Футбол шолушысы

Қазақстандық жас шабуылшы тамыз айында лондондық "Челсиге" аттанады. 

"Қазақтың Мбаппесі". Дастан Сәтпаев Еуропада қызу талқыға түсті
Sports24.kz

Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуы ағылшын футбол жанкүйерлері мен сараптамалық аккаунттардың назарында. Жуырда X әлеуметтік желісіндегі TrifectaSport аккаунты "Қайрат" футболшысының әлеуетін жоғары бағалап, оны "қазақтың Мбаппесі" деп атады.

"Қазақ Мбаппесі Лондонға ұшады"

TrifectaSport жазбасында Сәтпаевтың жылдамдығы, соққысы және сенімділігі ерекше аталып өтті.

"Қазақ Мбаппесі Лондонға ұшады! "Челсиге" 4 миллион еуроға ауысқан Дастан Сәтпаев "Қайрат" сапындағы соңғы матчтарын 17 немесе 21 маусымда өткізетінін растады. Содан кейін ол SW6-ға аттанады", — деп жазды ресурс.

SW6 — Лондондағы "Челси" орналасқан ауданның пошта индексі. Бұл ағылшын футбол медиа кеңістігінде клубты сипаттау үшін жиі қолданылады.

TrifectaSport қазақстандық футболшының жасына қарамастан, жоғары деңгейде көзге түсіп үлгергенін атап өтті.

Сәтпаев Чемпиондар лигасында гол соқты. Ресурстың жазуынша, ол турнир тарихындағы ең жас гол авторларының бірі атанып қана қоймай, бұл жетістікке жеткен алғашқы қазақстандық футболшы болды.

Сонымен қатар Дастан Қазақстан ұлттық құрамасында 16 жасында дебют жасады. "Қайрат" сапында ол 39 матчта 19 гол соғып, нәтижелі ойынымен ерекшеленді.