$6 млн. Пеленің жейдесі аукционға шығарылды
Бразилия футболының аңызы оны 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында киген.
Бразилия футболының аңызы Пеленің 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында киген жейдесі Sotheby’s аукционына шығарылды. Бәссауда 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде өтеді.
ESPN мәліметінше, аты аңызға айналған футболшының тарихи жейдесі шамамен 6 миллион долларға бағаланып отыр.
Бұл қандай жейде?
Әңгіме Пеленің 10-нөмірлі жейдесі туралы болып отыр. Дәл осы формада 17 жастағы Эдсон Арантис ду Насименту, яғни Пеле, 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында Швеция құрамасына қарсы ойнаған.
Сол финалда Бразилия Швецияны 5:2 есебімен жеңді. Пеле аталған кездесуде екі гол соғып, әлем футболындағы ең үлкен жұлдыздардың біріне айнала бастады.
Бұл жеңіс Бразилия құрамасының тарихындағы алғашқы әлем чемпиондығы еді.
Пеле тарихи рекорд иесі болып қалды
1958 жылғы финалдан кейін Пеле футбол тарихындағы ең жас әлем чемпиондарының бірі ретінде танылды. Ол әлі күнге дейін әлем чемпионаты финалында гол соққан ең жас футболшы болып саналады.
Sotheby’s өкілі Брам Вахтердің айтуынша, бұл жейде футбол тарихындағы ерекше сәтпен тікелей байланысты.
"Бұл — тарихтағы ең ұлы футболшылардың бірі өз жұлдызы жана бастаған кеште киген киім", — деді ол.
Жейде қалай сақталған?
ESPN дерегінше, 1958 жылғы финалдан кейін Пеле бұл жейдені өзінің командаласы әрі досы Дидеге сыйлаған. Диденің шын есімі — Нелсон де Жезус Силва.
2004 жылы форма Бразилиядағы музейге өткен. Кейін оны қазіргі иесі сатып алған. Алайда жейденің қазіргі иесінің аты-жөні жарияланбай отыр.
Айта кетейік, Пеле — үш дүркін әлем чемпионы атанған футбол тарихындағы жалғыз ойыншы. Ол 1958, 1962 және 1970 жылдары Бразилия құрамасымен әлем чемпионатын жеңіп алды.
Аңыз футболшы 2022 жылдың желтоқсанында 82 жасында өмірден өтті. Ол ұзақ уақыт қатерлі ісікпен күрескен.