"Ордабасыға" қатысты тосын жаңалық шықты
Шымкенттік футбол клубында тағы бір ірі демеуші пайда болуы ықтимал.
"Жақында жариялаймыз"
Блогер Бейбіт Әлібеков Threads желісінде "Ордабасы" клубына қатысты қысқа хабарлама қалдырды.
"Біздің „Ордабасы“ клубында тағы бір үлкен демеуші бар. Жақында жариялаймыз", — деп жазды ол.
Әзірге жаңа демеушінің аты-жөні немесе компания атауы ресми түрде айтылған жоқ.
Қазіргі басты демеуші кім?
Қазір шымкенттік клубтың негізгі демеушісі ретінде белгілі кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп аталып жүр.
2026 жылдың ақпан айында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Шахмұрат Мүтәліп "Ордабасыны" жекешелендіру және клубты жеке басқаруға беру жөнінде меморандумға қол қойған. Кейін клуб президенті қызметіне Дархан Қызайбаев тағайындалды.
"Ордабасыны" жекешелендіру процесі
Заң талаптарына сәйкес, клубтың меншік иесін ресми түрде ауыстыру үшін "Ордабасы" ашық аукцион арқылы сатылуы керек болды.
Аудиторлар "Ордабасы“ КФК АҚ-ның қалдық құнын 224,1 миллион теңгеге бағалады. Алайда 28 мамырға белгіленген сауда өтпеді деп танылды. Себебі аукционға бірде-бір өтінім түспеген. Оның ішінде Мүтәліпке тиесілі компания да өтінім бермеген.
Осыдан кейін қайталама сауда өткізу үшін клубтың бастапқы бағасы 67,2 миллион теңгеге төмендетілді.