Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуро-2027 іріктеуінің екінші кезеңіне мерзімінен бұрын шықты

Бокс шолушысы

Футболдан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің А Лигасы аясындағы екінші кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуро-2027 іріктеуінің екінші кезеңіне мерзімінен бұрын шықты
Instagram/@kff_jastar

Қазақстан соңғы орынға түспейді

Бұл нәтиже 6-топтағы екінші турда Португалия мен Грекия құрамаларының 0:0 есебімен тең түсуінен кейін белгілі болды. Екі ойыннан кейін Қазақстан құрамасы 4 ұпаймен топ көшін бастап тұр. Сербияның еншісінде – 3 ұпай, Португалияда – 2, ал Грекия әзірге 1 ұпай жинаған.

Шағын турнирдің аяқталуына бір тур қалғанда Қазақстан құрамасының топта төртінші орынға түсіп қалмайтыны белгілі болды. Жарыс ережесіне сәйкес, әр топтағы үздік үш команда А лигасындағы орнын сақтап, Еуро-2027 іріктеуінің екінші кезеңінде өнер көрсетуді жалғастырады. Ал соңғы орын алған құрама B лигасы дивизионына түседі.

Осылайша Қазақстанның жас футболшылары соңғы турдағы нәтиже қандай болғанына қарамастан А лиганың келесі кезеңіне қатысу құқығын қамтамасыз етті.

Қазақстан Португалиямен тең түсіп, Сербияны жеңді

Айта кетейік, Қазақстан U-19 құрамасы іріктеудегі алғашқы кездесуінде Португалиямен 1:1 есебімен ойнады. Одан кейін команда Сербияны 3:1 есебімен сенімді түрде жеңді.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы матчын 9 маусым күні өткізеді. Қарсылас – турнир қожайыны Грекия құрамасы.