Федерация Талғат Байсуфиновтың қызметінен кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстан футбол федерациясы бірқатар БАҚ-та ұлттық құрама бас бапкерінің қызметінен босатылуы мүмкін деген мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Федерация Талғат Байсуфиновтың қызметінен кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды
instagram.com/@kff.team

ҚФФ Байсуфиновке сенім білдірді

Федерация өкілдерінің мәліметінше, ҚФФ Талғат Байсуфиновтың кәсіби жұмысына жоғары баға береді. Сонымен қатар оның Қазақстан құрамасын дамытуға қосып жүрген үлесі мен алдағы матчтар мен турнирлерге дайындық барысындағы еңбегі ерекше атап өтілді.

“Қазақстан футбол федерациясы Талғат Мәруанұлы Байсуфиновке толық қолдау көрсетеді және оның ұлттық құрамадағы кәсіби қызметін жоғары бағалайды”, — делінген ресми мәлімдемеде.

БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасалды

ҚФФ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге үндеді. Федерация қоғамды жаңылыстыруы мүмкін тексерілмеген мәліметтерді таратпау қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар ҚФФ ұлттық құрамаға қатысты кез келген кадрлық шешім туралы ақпарат тек федерацияның ресми байланыс арналары арқылы жарияланатынын хабарлады.

Айта кетейік, осыған дейін кейбір ақпарат көздерінде Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов жақын уақытта қызметінен кетуі мүмкін деген хабар тараған. Бірақ Қазақстан футбол федерациясы бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.