"Қайсардың" бұрынғы футболшысы қайтыс болды

Футбол шолушысы

Буркина-Фасо құрамасының бұрынғы қорғаушысы Бен Загре 27 жасында өмірден өтті.

"Қайсардың" бұрынғы футболшысы қайтыс болды
sport24.ru

Бен Загренің қазасы туралы агенті айтты

Қайғылы хабарды футболшының агенті Дмитрий Селюк растады. Оның айтуынша, Бен Загре жексенбі күні көз жұмған.

“Өкінішке қарай, Бен өмірден өтті. Бұл кеше болды”, — деді Дмитрий Селюк “Матч ТВ” арнасына берген пікірінде.

Бұған дейін БАҚ-та Загренің онкологиялық аурумен күресіп жүргені және денсаулығына байланысты аяғына ампутация жасалғаны хабарланған еді.

Загре “Қайсар” сапында 25 матч өткізді

Бен Загре Қазақстан премьер-лигасында 2023 жылы қызылордалық “Қайсар” сапында ойнады. Қорғаушы сол маусымда команда жейдесінде 25 кездесуге қатысып, 3 гол соғып, 1 нәтижелі пас берген.

Қорғаныс шебінде сенімді ойынымен көзге түсіп, “Қайсар” жанкүйерлерінің есінде еңбекқор әрі табанды футболшы ретінде қалды.

Бен Загре кәсіби мансабында бірнеше елдің чемпионатында бақ сынады. Данияның “Эсбьерг”, Португалияның “Витория Гимарайнш”, Ресейдің “Шинник” клубтарында доп тепкен.

Сондай-ақ қорғаушы Буркина-Фасо құрамасының жейдесінде бір матч өткізген.