"Жетісу" "Оқжетпес" стадионындағы есікті бүлдірген футболшыны жазалады
Көкшетауда өткен кездесуде "Жетісу" алаң иелеріне 0:2 есебімен жол берген. Матчтан кейін әлеуметтік желілерде стадиондағы бүлінген есіктер түсірілген видео тарады.
“Жетісу” кейбір ақапаратты жоққа шығарды
Талдықорғандық клубтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған видеода екі есік көрсетілген. Бірақ олардың біреуі команда стадионға келгенге дейін-ақ зақымданған.
“Жетісу” өкілдері бұрыннан бар ақауды клуб қызметкерлерінің әрекетімен байланыстыру шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Сонымен қатар клуб матч аяқталғаннан кейін футболшылардың бірі эмоцияға беріліп, екінші есікті бүлдіргенін растады.
Футболшы қатаң тәртіптік жаза алды
Ресми мәлімдемеде тәртіп бұзған ойыншыға қатаң ішкі санкциялар қолданылғаны айтылды. Клуб футболшының есімін жариялаған жоқ.
“Жетісу” басшылығы оқиғадан кейін бірден “Оқжетпес” өкілдерімен байланысқа шығып, бүлінген есіктің шығынын өтеуге міндеттенген.
Клубтардың арасында өзара түсіністік орнап, қабылдаушы тараптың “Жетісуға” ешқандай шағымы қалмаған. Осылайша оқиға толық шешілген деп танылды.
“Оқжетпес” пен “Жетісу” арасындағы матч 2:0 есебімен аяқталды. Алаң иелерінің алғашқы голын 22-минутта пенальтиден Дмитрий Бородин соқты.
Кездесудің 90+2-минутында Тоқтар Жаңғылышбай есепті еселеді. “Жетісу” 75-минуттан бастап он ойыншымен өнер көрсетті.