"Манчестер Сити" Гвардиоланың жеке заттарын сатылымға шығарды

Бас редактор

Саудаға оның ысқырығы, күртесі, креслосы, үстел шамы мен басқа да мүлкі шығарылған.

"Манчестер Сити" Гвардиоланың жеке заттарын сатылымға шығарды
Vesti.kz

Англияның "Манчестер Сити" футбол клубы бұрынғы бас бапкер Пеп Гвардиолаға тиесілі бірқатар затты аукцион арқылы сатылымға шығарды. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Аукционға қандай заттар қойылды?

Бәссаудаға Гвардиоланың бапкерлік ысқырығы, күртесі, креслосы, үстел шамы, кофе ішетін шыныаяқтар жинағы, хош иісті заттар, фотосуреттер мен оның жеке кабинетіндегі басқа да бұйымдар қойылған.

Ең арзан лот — Пеп Гвардиоланың Коло Туре және Омар Мармушпен түскен фотосы. Оның бағасы 288 еуро деп көрсетілген.

Ал ең қымбат лот — Эрлинг Холандтың Англия Премьер-лигасындағы 100-голына арналған лимиттелген доп. Оның құны 6797 еуроға бағаланып отыр.

Гвардиола "Манчестер Ситиден" кетті

Пеп Гвардиола "Манчестер Сити" бас бапкері қызметінен 2025/26 маусымы аяқталғаннан кейін кетті.

Испаниялық маманның клубпен арадағы келісімшарты бойынша тағы бір жыл бар еді. Бірақ ол клубтағы қызметін аяқтауды жөн көрді. 

Жалпы, 55 жастағы Гвардиола "Манчестер Ситиді" 2016 жылдан бері басқарды. Осы уақыт ішінде ол клуб тарихындағы ең табысты бас бапкерге айналды.

Он жыл ішінде Гвардиола "Ситимен" бірге 20 трофей жеңіп алды. Оның ішінде алты Англия чемпиондығы, бес Англия лигасы кубогы, үш Англия кубогы және үш Англия суперкубогы бар.

Сондай-ақ ол "Манчестер Ситимен" бір рет Чемпиондар лигасын, УЕФА суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды.

Гвардиоланың статистикасы

Пеп Гвардиола жетекшілік еткен кезеңде "Манчестер Сити" барлық турнирде 592 матч өткізді.

Команда бұл кездесулерде 423 рет жеңіске жетіп, 77 ойында тең түсті және 92 рет жеңілді.

Испаниялық маман Англия Премьер-лигасы тарихында матчтарының 70 пайыздан астамын жеңген жалғыз бапкер саналады. Оның АПЛ-дегі көрсеткіші — 379 матчта 269 жеңіс, яғни 70,2 пайыз.