Қырғызстандық футболда тарихи трансфер жасалды
Қырғызстан құрамасының жартылай қорғаушысы Эрбол Атабаев мансабын Еуропада жалғастырады.
"Мурас Юнайтед" трансферді ресми жариялады
25 жастағы футболшы "Мурас Юнайтедтен" Загребтың "Локомотив" клубына ауысты.
Қырғызстандық клуб Атабаевтың Хорватия чемпионатына ауысқанын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді. "Мурас Юнайтед" бұл келісімді отандық футбол үшін маңызды тарихи оқиға деп бағалады.
"Бүгін ойыншымыздың мансабындағы үлкен қадамды мақтанышпен жариялаймыз. Эрбол Атабаев "Мурас Юнайтедтен" Загребтың "Локомотивіне" ауысады. Бұл жай ғана трансфер емес, Қырғызстан футболы мен біздің клуб үшін тарихи оқиға. Эрбол командамызбен бірге маңызды жолдан өтті. Енді ол мансабын Еуропада жалғастыруға мүмкіндік алды", — делінген клуб хабарламасында.
Тараптар келісімнің қаржылық және өзге де шарттарын құпия қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Эрбол Атабаев Қырғызстан лигасында жарқырады
25 жастағы жартылай қорғаушы "Мурас Юнайтед" сапында ел чемпионатының бір айналымында 13 гол соғып, тоғыз нәтижелі пас берген.
Осы көрсеткіштің арқасында Атабаев лиганың үздік сұрмергені атанды. Оның нәтижелі ойыны "Мурас Юнайтедке" турнир кестесінің көш басына орналасуға көмектесті.
Эрбол Атабаев ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2022 жылғы 8 маусымда өткізді. Содан бері Қырғызстан командасының жейдесін 25 кездесуде киді.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.