Джон ван ’т Схип Қазақстан құрамасының басты мақсатын атады
Футболдан ұлттық құрама бас бапкері Ұлттар лигасындағы алғашқы матчтарға дайындық, команданың түпкілікті құрамы және Дастан Сәтпаевтың болашағы туралы пікір білдірді.
Сәтпаевпен FaceTime арқылы сөйлескен
Нидерландылық маман ұлттық құрамаға шақырылуы мүмкін футболшылармен байланыс орната бастағанын жеткізді. Дегенмен ойыншылармен жеке әңгімелер әзірге көп болмаған.
"Кейбір футболшылармен матчтарда немесе әуежайда кездесіп, амандастық. Англияда жүрген Дастан Сәтпаевпен FaceTime арқылы бір рет сөйлестім. Әңгімеміз шамамен екі минутқа созылды. Бұл қысқа ғана тілдесу болды", – деді бас бапкер.
Түпкілікті тізімі қашан жарияланады?
Джон ван ’т Схиптің айтуынша, бапкерлер штабы Қазақстан чемпионатының келесі турынан кейін құрамның негізгі бөлігін анықтайды. Ал денсаулығы мен физикалық жағдайына қатысты сұрақ бар ойыншыларды бағалау үшін қосымша уақыт қажет болуы мүмкін.
"Келесі аптаның соңына қарай нақты шешім қабылдаймыз деп үміттенемін. 7 қыркүйек дүйсенбіге түседі. Сондықтан түпкілікті құрамды шамамен 11–12 қыркүйекте жасақтаймыз", – деді ол.
Жаңа ойыншыларға мүмкіндік беріле ме?
Бас бапкер ұлттық құраманың есігі барлық лайықты футболшыға ашық екенін атап өтті. Бапкерлер штабы жас таланттарды, тәжірибелі ойыншыларды және жарақатынан кейін қатарға қосылған футболшыларды бақылап отыр.
"Қазір шақырту алмаған ойыншы келесі оқу-жаттығу жиынына қатыспайды деген сөз емес. Барлығы оның клубтағы жағдайы мен көрсеткен ойынына байланысты. Керісінше, қазіргі құрамда жүрген футболшы қажетті деңгейді көрсете алмаса, келесі жолы тізімге енбей қалуы мүмкін. Ұлттық құрамадағы бәсеке осылай қалыптасады", – деді маман.
Еурокубоктардағы тәжірибенің маңызы
"Қайрат" Конференциялар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді, ал қақпашы Стас Покатилов Чемпиондар лигасында ойын тәжірибесін жинайды. Джон ван ’т Схип мұның қарашадағы шешуші кездесулер алдында Қазақстан құрамасына пайдасын тигізетінін айтты.
"Желтоқсан біз үшін соншалықты маңызды емес. Ал қараша айының мәні зор, өйткені 12 және 16 қарашада соңғы екі матчымызды өткіземіз. Футболшылар сол кезеңге дейін жақсы физикалық қалыпта болуы керек. Олардың еурокубоктарда ойнауы өздеріне де, ұлттық құрамаға да пайдалы. Ең бастысы – қарашаның ортасына дейін тұрақты жаттығып, матч тәжірибесін алып отыруы", – деді бас бапкер.
Ван ’т Схип Сәтпаевтың Англияға ауысуын бағалады
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев "Бернли" сапында Чемпионшипте дебют жасап, жаңа ортаға бейімделіп келеді. Ұлттық құраманың бас бапкері жас футболшының Еуропаға бет алуын отандық футбол үшін маңызды қадам деп санайды.
"Бір ойыншыны өзгелерден бөліп көрсеткім келмейді. Дастанды футболшылармен сөйлесу туралы сұрақ қойылғандықтан ғана атадым. Дегенмен ойыншының мансабында келесі деңгейге көтерілуіне мүмкіндік алғаны өте маңызды. Сәтпаев қазір Англияға барып, осындай қадам жасады. Барлығымыз оның табысты болғанын қалаймыз", – деді ван ’т Схип.
Бапкер мұндай трансферлер Қазақстан футболының беделін көтеріп, жас ойыншыларға қосымша мотивация беретінін атап өтті.
"Жастар қажырлы еңбек пен таланттың арқасында Еуропаға барып, үлкен клубта ойнауға болатынын көреді. Бұл ұлттық құрамаға да, жалпы Қазақстан футболына да пайдалы. Мысалы Нидерланд құрамасының негізгі ойыншыларының басым бөлігі өз елінің чемпионатында емес, Англия, Испания, Германия және Франция секілді мықты лигаларда өнер көрсетеді. Бұл олардың деңгейін арттырады. Сәтпаевтың да жолы сәтті болады деп сенеміз. Әзірге оның жағдайы жақсы", – деді ол.
Футболшылардың физикалық дайындығы қандай?
Ұлттық құрама бапкерлері бірнеше ойыншының жағдайын жіті бақылап отыр. Негізгі футболшылар клубтарында тұрақты ойнағанымен, алаңға сирек шығатын кандидаттардың дайындығы жеке бағаланады.
"Ойын тәжірибесі аз болса да, ұлттық құрамада жоғары деңгей көрсете алатын футболшылар бар. Сондықтан әр ойыншының ерекшелігі мен қазіргі жағдайын ескереміз. Түпкілікті шешімдерді келесі аптада қабылдаймыз", – деді бас бапкер.
ҚПЛ күнтізбесі Қазақстанға басымдық бере ме?
Қазақстан Премьер-лигасы наурыздан қарашаға дейін өтетіндіктен, қыркүйекте отандық футболшылар маусымның шешуші кезеңіне жақындайды. Бірақ ван ’т Схип мұны еуропалық құрамаларға қарсы айқын басымдық деп есептемейді.
"Көптеген еуропалық командалар еурокубоктардың іріктеу кезеңіне байланысты шілдеден бастап ресми матчтарға қатысады. Оған дейін олар маусым алдындағы дайындықтан өтеді. Сондықтан қыркүйектің соңына қарай командалардың физикалық жағдайында үлкен айырмашылық болмайды. Ең маңыздысы – футболшылардың алаңда не көрсететіні", – деді маман.
Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы мақсаты
Алдағы кездесулер Джон ван ’т Схип үшін Қазақстан құрамасының тізгініндегі алғашқы ресми сынақ болмақ. Бапкер аз уақыт ішінде ұйымшыл әрі нәтижеге бағытталған команда құру қажет екенін айтты.
"Біз енді ғана бірге жұмыс істей бастаймыз. Бір-бірімізге бейімделуге уақыт аз. Сондықтан футболшылар жаттығулар мен бейнеталдау кезінде барынша мұқият болуы тиіс. Олар бапкерлер штабының талаптарын нақты түсінуі керек.
Қысқа мерзім ішінде мықты әрі біртұтас команда жасақтауымыз қажет. Алғашқы екі матчты сырт алаңда өткіземіз. Соған қарамастан бірден мінез көрсетіп, талаптарымызды түсінетінімізді дәлелдеуге тиіспіз.
Біздің мақсатымыз – даму және нәтиже көрсету. Ұлттық құрама жиыны демалыс емес. Алда мықты қарсыластармен маңызды кездесулер күтіп тұр. Сондықтан әр футболшы барынша жинақы әрі дайын болуы керек", – деп қорытындылады Джон ван ’т Схип.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.