Аргентинада матчтар Мессидің құрметіне тоқтатылады
Аргентинада келесі турдың барлық кездесуі бірінші таймның 10-минутында тоқтатылып, жанкүйерлер Лионель Мессидің құрметіне бір минут бойы қол соғады.
Акция барлық футбол жарысын қамтиды
Аргентина футбол қауымдастығы (AFA) қабылдаған шешім ерлер мен әйелдер арасындағы футбол, футзал және жағажай футболы жарыстарына қатысты болады.
"Келесі турда ерлер мен әйелдер қатысатын барлық санаттағы футбол, футзал және жағажай футболы матчтары бірінші таймның 10-минутында тоқтатылады. Осыдан кейін Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы мансабына құрмет ретінде бір минут бойы қошемет көрсетіледі", – делінген AFA мәлімдемесінде.
Матчтың дәл 10-минутында ұйымдастырылатын акцияның символдық мәні бар. Өйткені Лионель Месси Аргентина құрамасында 10-нөмірмен өнер көрсетті.
Стадиондарда арнайы бейнеролик көрсетіледі
Экраны бар стадиондарда ойын басталғанға дейін Аргентина футбол қауымдастығы дайындаған ресми бейнеролик көрсетілуі тиіс. Онда Мессидің ұлттық құрамадағы мансабы мен басты жетістіктері қамтылады.
Бұған дейін 39 жастағы "Интер Майами" шабуылшысы Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген еді. Бұл шешімді 21 шілдеде, әлем чемпионатында Испаниядан жеңілгеннен кейін бірнеше күн өткен соң қабылдаған.
Ұлттық құрамадағы жетістіктері
Месси Аргентина құрамасы сапында 207 матч өткізіп, 125 гол соқты. Ол ұлттық командамен бірге мынадай ірі жүлделерді жеңіп алды:
- 2022 жылғы әлем чемпионы;
- 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогының жеңімпазы;
- 2022 жылғы Финалиссима иегері;
- 2008 жылғы Олимпиада чемпионы.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.