ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 25-тур

Джон ван ’т Схип: "Қазақстан Еуропаны қуып жете алады"

Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схип елдегі стадиондар мен футбол инфрақұрылымының қазіргі жағдайына баға берді.

Джон ван ’т Схип: "Қазақстан Еуропаны қуып жете алады"
TengriSport

Бас бапкер бірнеше қаланы аралады

Ұлттық құраманың тізгінін ұстағанына үш апта болған ван ’т Схип осы уақыт ішінде Түркістан, Семей және футболы дамып келе жатқан өзге де қалаларға барып, Қазақстан чемпионатының бірқатар матчын тамашалады.

Маман отандық біріншіліктің ұйымдастырылуына оң баға бергенімен, стадиондар мен жаттығу базаларын дамыту бағытында әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет екенін атап өтті.

"Қысқа уақыт ішінде көптеген матчқа бардым. Мұнда деңгейі жақсы әрі ұйымдастырылуы жолға қойылған чемпионат бар. Дегенмен стадиондар мен инфрақұрылым туралы айтсақ, Қазақстанға көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, Еуропа елдерін қуып жетуге мүмкіндік бар.

Бұл бағыттағы ілгерілеу қазірдің өзінде байқалады. Бірақ әлі де көп жұмыс істеу қажет. Клубтар мен Үкімет бірлесіп, қазіргі айырмашылықты азайтады деп үміттенемін. Бұл чемпионатқа ғана емес, қазақстандық футболшылардың дамуына да маңызды", – деді Джон ван ’т Схип.

Қазақстан құрамасына қашан тағайындалды?

Джон ван ’т Схип бұған дейін Нидерландтың "Аякс" клубының бапкерлер штабында еңбек етіп, Австралияның "Мельбурн Сити" командасын жаттықтырған. Сонымен қатар Грекия және Армения ұлттық құрамаларын басқарды.

7 тамызда нидерландылық маманның Талғат Байсуфиновтың орнына Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаны ресми түрде жарияланды.

Тәуелсіздік жылдарында қанша стадион салынды?

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елде үш жаңа ірі футбол стадионы пайдалануға берілді:

  • Астанадағы 30 мың көрерменге арналған "Астана Арена";
  • Түркістандағы 7 мың орындық "Түркістан Арена";
  • Қызылордадағы 11 мың адам сиятын "Қайсар Арена".

Сондай-ақ Астанадағы ескі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның орнына шамамен 3600 көрерменге арналған жабық манеж салынды.

Бес қалада жаңа ареналар салынып жатыр

Туризм және спорт министрлігі жаздың басында Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және Семейде жаңа стадиондар салуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Алматыдағы жаңа аренаның сыйымдылығы 45 мың көрерменге дейін жетуі мүмкін. Жоба жүзеге асса, ол Қазақстандағы ең үлкен футбол стадионы атанбақ.

Бұдан бөлек, тағы жеті қалада жаңа ареналардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жаңа нысандар Петропавл, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Қонаев, Көкшетау және Павлодарда бой көтереді деп жоспарланған

Қазақстандағы ең үлкен стадиондар

Қазір жаңадан салынған үш аренадан бөлек, Қазақстанда сыйымдылығы 15 мың адамнан асатын тағы үш стадион бар:

  • Алматыдағы Орталық стадион – 23 800 орын;
  • Қарағандыдағы "Шахтер" стадионы – 19 мың орын;
  • Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадион – 18 мың орын.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда облыстардағы стадиондардың басым бөлігін жаңғырту немесе демеушілердің қаражатын тарта отырып, жаңа футбол ареналарын салу қажет екенін айтқан.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір қалдыру уақытша жабық.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.