"Астана" ойыншыларына әлі қарыз төленбеді
Елордалық футболшылар белгіленген мерзімге дейін уәде етілген төлемдерін алмаған.
Футболшылардың есепшотына ақша түспеген
ASnews.kz мәліметінше, клуб ойыншылары бірнеше ай бойы қордаланған жалақы қарызы 7 қыркүйекке дейін өтелмесе, жаттығулар мен ресми кездесулерге қатысудан бас тартуға дайын болған.
Бірақ 8 қыркүйектегі жағдай бойынша "Астана" басшылығы команда алдындағы қаржылық міндеттемелерін әлі орындамаған. Уәде етілген қаражат ойыншылардың есепшотына түспегені айтылды.
Сондықтан елордалық клубтың Шымкентке барып, "Ордабасымен" ойынға қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз.
Григорий Бабаян келісім болғанын айтқан
6 қыркүйекте "Астана" ҚПЛ матчында "Елімайды" 4:0 есебімен жеңген еді. Кездесуден кейін команданың бас бапкері Григорий Бабаян қаржылық мәселенің жақын арада шешілуі мүмкін екенін жеткізген.
"Барлығымыз ертеңгі күнді күтіп отырмыз. Қазір сіздерге ештеңе айта алмаймын. Бәрі ертең белгілі болады", – деген еді Бабаян.
Соған қарамастан белгіленген мерзім аяқталғанымен клуб құрылтайшысы – Sport Qory қоры тарапынан футболшыларға тиесілі берешек төленбеген.
"Ордабасы" – "Астана" матчы қашан өтеді?
Қазақстан Премьер-лигасының 26-турындағы басты кездесулердің бірі 12 қыркүйекте Шымкентте өтуі тиіс. "Ордабасы" мен "Астана" арасындағы матч сағат 19:00-ге жоспарланған.
Қазір шымкенттік клуб 24 ойыннан кейін 55 ұпай жинап, ҚПЛ кестесінде көш бастап тұр. Екінші орындағы "Қайраттың" еншісінде 54 ұпай бар.
Ал бір матч кем өткізген "Астана" 45 ұпаймен үшінші сатыда орналасқан.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.