Капитанның ғажайып голы командасын ҚПЛ-да төртінші орынға шығарды
Көкшетаудың "Оқжетпес" ФК Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында Петропавлдың "Қызылжарын" жеңді.
Ойынның алғашқы бөлігінде екі команда да шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен есеп ашылған жоқ. Екінші таймда алаң иелері шабуыл қарқынын арттырып, қарсылас қақпасына жиі қауіп төндіре бастады.
Нәтижесінде "Оқжетпес" капитаны Владислав Васильев айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, командасын алға шығарды. Бұл гол кездесудегі жалғыз нәтижелі соққы болып тіркелді.
Петропавлдық футболшылар таразы басын теңестіре алмады. Осылайша көкшетаулық ұжым 1:0 есебімен жеңіске жетіп, маңызды үш ұпайды қоржынға салды.
Бұл жеңістен кейін "Оқжетпес" 48 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде төртінші орынға орналасты. Ал "Қызылжар" 27 ұпаймен 11-сатыда қалды.