Виктор Мозестің голы құтқармады: "Қайсар" соңғы орынға түсіп қалды
Талдықорғанның "Жетісу" ФК Қазақстан Премьер-лигасының 23-турындағы кейінге шегерілген матчта Қызылорданың "Қайсарын" жеңді.
Виктор Мозес есеп ашты
Талдықорғанда өткен кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ екі команда да шабуылға басымдық берді. Ойынның 11-минутында қонақтар сапында нигериялық Виктор Мозес мергендігімен көзге түсіп, "Қайсарды" алға шығарды.
Бірінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіре алмады. Осылайша командалар үзіліске қызылордалықтардың 1:0 есебіндегі басымдығымен аттанды.
"Жетісу" бес минутта жеңісті жұлып алды
Екінші таймда талдықорғандық футболшылар ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Алаң иелерінің шабуылдағы белсенділігі ақыры нәтижесін берді.
71-минутта Шоқан Абзалов қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді. Арада небәрі бес минут өткенде Нұрберген Нұрбол тағы бір гол соғып, "Жетісуды" алға шығарды.
Қалған уақытта "Қайсар" қарымта шабуыл ұйымдастырғанымен есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде талдықорғандық команда өз алаңында 2:1 есебімен маңызды жеңіске жетті.
Бұл жеңіс турнирлік кестенің төменгі бөлігіндегі жағдайды өзгертті. "Жетісу" ұпай қорын 25-ке жеткізіп, соңғы орыннан бір саты жоғары көтерілді. Ал 24 ұпайы бар "Қайсар" турнирлік кестенің соңғы сатысына сырғыды.
Айта кетейік, екі команда арасындағы маусымның алғашқы кездесуінде жеңімпаз анықталмады. Ол ойын 1:1 есебімен аяқталған.