Ермұхамед Мәулен "Қайсардың" сәтсіздігін түсіндірді
Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен қызылордалық "Қайсардың" аяқталған маусымдағы сәтсіз өнеріне қатысты пікір білдірді.
"Қателіктер бір-біріне әсер еткен"
Мәулен маусым басында "Қайсардың" спорт директоры болған Алдан Балтаевпен сөйлескенін айтты. Әңгіме барысында клубтың нәтижесіне ықпал еткен қателіктер талқыланған. Бұл туралы ASnews.kz хабарлады.
"Жақында Алдан Балтаевпен сөйлестім. Туындаған мәселелер жөнінде пікірімді айттым. Алдан да қателіктер жіберілгенін және олардың бір-біріне әсер еткенін мойындады. Бұл сәтсіздікке бір адамды ғана кінәлауға болмайды", – деді журналист.
"Орнына басқа маман тағайындау керек еді"
Журналист клубтағы негізгі мәселелердің бірі ретінде спорт директоры қызметінің бос қалғанын атады. Оның айтуынша, наурызда бұл лауазымдағы маман жұмыстан кеткеннен кейін орнына ешкім тағайындалмаған.
"Наурызда "Қайсар" спорт директорын қызметінен босатты. Басшылық арасында келіспеушілік болған шығар. Ол кеткен екен, орнына басқа адамды алу керек еді ғой! Бірақ қызылордалықтар жаңа спорт директорын тағайындамай, бүкіл маусымды онсыз өткізді. Бұл – бірінші себеп", – деді Мәулен.