"Ордабасы" екінші таймда камбэк жасап, "Қайраттан" қара үзіп кетті
Шымкенттік клуб ҚПЛ-дың кейінге шегерілген 23-турында "Ақтөбені" 3:1 есебімен жеңіп, чемпиондық атаққа тағы бір қадам жақындады.
"Ақтөбе" алға шықты
Ақтөбедегі кездесуде алаң иелері алғашқы болып алға шықты. Матчтың 21-минутында шабуылшы Даниэль Созах қарсылас қақпаны дәл көздеді.
Бірақ үзілістен кейін ойын барысы түбегейлі өзгерді. Турнир кестесінде көш бастап тұрған "Ордабасы" екінші таймда шабуылын күшейтіп, қарсылас қақпасына қатарынан үш гол соқты.
47-минутта Лео Нател таразы басын теңестірді. Арада небәрі алты минут өткенде Сергей Малый мергендігімен көзге түсті. Ал 77-минутта Тидиане Кейта үшінші голды соғып, матч тағдырын біржола шешті.
"Ордабасы" чемпиондыққа жақындай түсті
Бұл жеңістен кейін шымкенттік команда қоржындағы ұпай санын 67-ге жеткізіп, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесіндегі бірінші орнын нығайтты.
Ал басты қарсыласы саналатын Алматының "Қайратында" 60 ұпай бар. Осылайша екі команда арасындағы айырмашылық жеті ұпайға жетті. Дегенмен алматылықтардың бір қосымша ойыны бар.
Чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда "Ордабасы" алтын медаль үшін күрестегі басымдығын арттырды.