"Барыс" қақпашысы ҚХЛ-де үздік атанды
Андрей Шутов "Сібірге" қарсы ойында өз қақпасына бағытталған 31 соққының барлығын қайтарды.
Астаналық "Барыс" қақпашысы Андрей Шутов Құрлықтық хоккей лигасында күннің үздік ойыншысы деп танылды.
ҚХЛ-дың Telegram-арнасында жанкүйерлер арасында ұйымдастырылған дауыс беруде Шутов бірінші орын алды. Бұған "Сібірге" қарсы сырт алаңдағы сенімді ойыны себеп болды.
Андрей Шутов дәл осы ойында өз қақпасына бағытталған 31 соққының барлығын қайтарып, осы маусымдағы екінші "құрғақ" матчын өткізді.
Жалпы ҚХЛ-дегі мансабында қазақстандық қақпашы қарсыласқа гол соқтырмаған жеті матч өткізді.
Ал "Барыс" аталған кездесуде Новосібір командасын 1:0 есебімен жеңген еді. Жалғыз голды кездесудің 48-минутында шабуылшы Мэйсон Морелли соқты.
"Барыс" Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді
Бұл жеңістен кейін "Барыс" 16 матчта 20 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясының турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Көш басында 17 кездесуден кейін 27 ұпай жинаған Магнитогорскінің "Металлургы" тұр.
"Барыс" келесі матчын 19 қазанда Хабаровскіде жергілікті "Амурға" қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 14:00-де басталады.