Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Олимпиада чемпионы Қазақстанда тағы бір тарихи жеңіске жетті

Өзбекстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Диора Келдиорова Aktau Asian Open 2026 халықаралық турнирінде топ жарды. 

Олимпиада чемпионы Қазақстанда тағы бір тарихи жеңіске жетті
instagram/@judo_uzbekistan

Екі қазақстандық дзюдошыны жеңді

Ақтауда ұйымдастырылған халықаралық жарыста 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен өзбекстандық дзюдошы қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ.

Келдиорова жарысты ширек финалдан бастап, алғашқы белдесуінде Нұрайым Сәрсенбекті жеңді. Жартылай финалда Олимпиада чемпионы тағы бір қазақстандық дзюдошы Гүлхан Шыңғысханнан басым түсті.

Ал алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде әзербайжандық Фарида Мирзаеваны жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.

Ұзақ үзілістен кейін оралды

Айта кетейік, Aktau Asian Open 2026 Диора Келдиорова үшін ана атанғаннан кейінгі алғашқы халықаралық жарыс болды.

Бала күтіміне байланысты спорттық мансабында үзіліс жасаған дзюдошы татамиге сәтті оралып, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осылайша өзбекстандық дзюдошы Қазақстандағы турнирді жеңіспен аяқтап, халықаралық аренаға қайта оралуын алтын медальмен атап өтті.

Париж Олимпиадасында тарихи жетістікке жеткен

Диора Келдиорова 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізген. Ол 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған жапониялық Ута Абэні сенсациялық түрде жеңді.

Ал финалда Косово намысын қорғаған Дистрия Красничиді тізе бүктіріп, Олимпиаданың алтын медалін иеленді. Осы жетістігінің арқасында Диора Келдиорова Өзбекстан тарихындағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?