"Ресейлік Тайсон" 40 жасында қайтыс болды
Кәсіпқой бокста "Ресейлік Тайсон" деген лақап атпен танылған Денис Бойцов 40 жасында өмірден өтті.
Қаза бокс әлемін қайғыртты
Денис Бойцов кезінде аса ауыр салмақтағы болашағынан зор үміт күттірген боксшылардың бірі саналды. Ол әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуға дайындалып жүрген тұста ауыр жағдайға тап болып, кәсіпқой мансабын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған.
2015 жылдың мамыр айында Берлинде қайғылы оқиға тіркелді. Денис Бойцов метро туннелінен ес-түссіз күйде табылған.
Дәрігерлер оның басы мен қолдары ауыр жарақаттанғанын анықтады. Боксшының өмірін сақтап қалу үшін мамандар оны жасанды комаға түсірген.
Оқиғаның нақты мән-жайы ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.
Бірнеше жыл бойы ем қабылдады
Ауыр жарақаттан кейін Денис Бойцовқа бірнеше күрделі операция жасалды. Ол алдымен Германиядағы медициналық мекемелерде, кейін Ресейде ұзақ уақыт оңалтудан өтті.
Бірақ алған жарақаттарының салдары өте ауыр болды. Боксшы өздігінен жүріп-тұру және сөйлеу қабілетінен айырылды. Осы жылдар бойы оған жақындары қамқорлық жасап, денсаулығын қалпына келтіруге күш салды.
Денис Бойцовтың жетістіктері
Денис Бойцов кәсіпқой бокста айтарлықтай табысқа жетті. Ол 2009 жылы WBA тұжырымы бойынша интерконтинентальдық және WBO нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы атақтарын иеленген.
Кәсіпқой бокстағы көрсеткіші:
- 37 жекпе-жек;
- 36 жеңіс;
- 27 нокаут;
- 1 жеңіліс.
Боксшы ұзақ уақыт жеңіліссіз өнер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі титулдық кездесуге жақындаған еді. Дегенмен 2015 жылғы оқиға оның спорттық жолын түбегейлі өзгертті.
Денис Бойцовтың өлімінің нақты себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.