Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Астана" өз алаңында ұпай жоғалтты

Елордалық "Астана" Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында Ақтаудың "Каспий" командасын жеңе алмады.

"Астана" өз алаңында ұпай жоғалтты
instagram.com/fca.astana/

"Каспий" екі рет есепте алға шықты

Ақтаулық команданың ойыншысы Давид Эптон қарсылас қақпасын дәл көздеп, "Каспийді" алға шығарды. Бірақ "Астана" көп ұзамай таразы басын теңестірді. Елордалық клубтың тәжірибелі ойыншысы Марин Томасов мергендік танытты. 

Бұдан кейін қонақтар тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Силла Кеба гол соғып, "Каспийге" қайта басымдық сыйлады. Осылайша бірінші тайм 2:1 есебімен ақтаулықтардың пайдасына аяқталды.

Автогол "Астананы" жеңілістен құтқарды

Екінші таймда елордалық команда шабуылдарын күшейтіп, қарсылас қақпасына қысымды арттырды. "Астананың" белсенді әрекеттері нәтижесінде "Каспий" қорғаушысы Диержон Арипов допты өз қақпасына бағыттап алды. Содан таблодағы есеп 2:2 болды.

Қалған уақытта алаң иелері жеңіс голын соғуға бірнеше мүмкіндік алғанымен ақтаулықтардың қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде "Астана" өз алаңында маңызды екі ұпай жоғалтты.

Бұл тең нәтижеден кейін елордалық клубтың еншісінде 52 ұпай болды. "Астана" Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында тұр. Ал "Каспий" 33 ұпаймен тоғызыншы сатыға жайғасты.

Айта кетейік, 23-турда алматылық "Қайрат" Павлодардың "Ертісін" 5:0 есебімен жеңіп, 63 ұпай жинаған. Ал көш басындағы "Ордабасының" еншісінде 67 ұпай бар. Осылайша "Астана" чемпиондық бәсекедегі басты қарсыластарынан ұпай айырмасы бойынша алыстай түсті.

Бұл туралы не ойлайсыз?