ҚФФ "Ақтөбе" - "Ордабасы" ойынындағы даулы сәттерге баға берді
Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштру Премьер-лиганың 23-туры аясындағы ойын эпизодтарына түсініктеме берді.
Талдау барысында "Ақтөбе" мен "Ордабасы" арасындағы кездесуде болған төрт жағдай қарастырылды.
44-минут. Бірінші эпизодта қонақ команданың қорғаушысы айып алаңында допқа таласу кезінде тайып құлаған. Қайталап көрсетілген бейнежазбада доптың қорғаушының иығына тигені анық көрінеді. ҚФФ түсіндірмесіне сәйкес, төрешінің ойынды жалғастыру туралы шешімі дұрыс болған.
53-минут. Кездесудің 53-минутында алаң иелерінің 13-нөмірлі ойыншысы айып алаңында допқа қолын тигізген. Алайда төреші ойынды тоқтатпаған. Бірнеше секундтан кейін қонақтар командасы гол соқты.
Федерация мәліметінше, шабуыл голмен аяқталғандықтан, VAR жүйесі қорғаушының қолымен ойнаған эпизодына араласпаған. Бейнеқайталауда қорғаушының допқа қолын тигізгені анық байқалады. Егер бұл шабуыл голмен аяқталмағанда, дұрыс шешім пенальти тағайындау болар еді.
73-минут. Ойынның 73-минутында қонақтар командасының айып алаңына бағытталған доп шабуылдаушы 7-нөмірлі ойыншының қолына тиіп барып, қақпаға кірген. Ойын ережесіне сәйкес, шабуылдаушының қолынан тікелей қақпаға соғылған гол есептелмейді. Эпизодты монитордан қайта қараған төреші голдың күшін жойған.
87-минут. Кездесудің соңына қарай, доп алаң сыртына шыққаннан кейін, "Ақтөбенің" 7-нөмірлі шабуылшы мен "Ордабасының" 25-нөмірлі қорғаушысы арасында жанжал туындаған.
ҚФФ түсіндірмесінде шабуылдаушы қарсыласын екі рет арандатқаны, алдымен итеріп, кейін қолымен ұрғаны айтылған. Ал қорғаушы оған иығымен жауап бергенімен, шамадан тыс күш қолданбаған. Федерацияның бағалауынша, екі ойыншыға да спортқа жат әрекеті үшін сары қағаз көрсету дұрыс шешім.