Оразбахтин: "Біз ешкімнен қорықпаймыз"
Алматылық "Қайрат" клубының бас бапкері Рафаэль Оразбахтин УЕФА Конференциялар лигасы аясында "Панатинаикосқа" қарсы өтетін матч алдында пікір білдірді.
Ойын алды баспасөз мәслихатында Оразбахтин қарсылас команданы құрметтейтінін айтып, клубтың нақты деңгейін ойыннан кейін бағалай алатынын жеткізді.
"Клубтың тарихы құрметке лайық. Бұл — Грекияға танымал команда. Құрамында жоғары деңгейдегі футболшылар бар екенін түсінеміз. Бірақ матчқа дейін нақты бірдеңе айту қиын. Қарсыласты ойыннан кейін жақсырақ бағалай аламыз. Біз кез келген қарсыласпен ойнай аламыз, оның үстіне, өз алаңымызда өнер көрсетеміз. Біздің басты міндетіміз — ешкімнен қорықпау. Қарсыласты құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз. Батыл ойнап, өз мүмкіндіктерімізді пайдалануға тырысуымыз керек. Ал матчтан кейін қорытынды жасаймыз", — деді Рафаэль Оразбахтин.
Еске салсақ, "Панатинаикостың" қазіргі бас бапкері Якоб Нееструп Чемпиондар лигасының алдыңғы маусымында "Копенгаген" клубымен алматылықтарды 3:2 есебімен жеңген. Оразбахтин дат бапкеріне жоғары баға беріп, грек командасының ойын мәнерінің өзгергенін де айтып өтті.
"Біз өткен жылы кездескенбіз. Ол өз ойын идеялары бар заманауи бапкер, белсенді футбол ойнағанды, прессинг жасағанды және допқа ұзақ уақыт иелік еткенді ұнатады. Екі команданы салыстырып көрдік. Өткен жылмен салыстырғанда, олардың ойынында өзгерістер бар. Қазір доппен көбірек жұмыс істейді, тактикалық схемасы да сәл өзгерген болуы мүмкін. Жалпы, әр бапкер уақыт өте келе дамып, ойын мәнерін өзгертіп отырады. Бұл футболшылардың деңгейіне де байланысты. Сондықтан "Копенгаген" мен "Панатинаикостың" арасында айырмашылықтар бар деп айта аламын."
"Қайрат" пен "Панатинаикос" арасындағы УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турдағы матч 22 қазанда, бейсенбі күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Кездесу Астана уақытымен 19:30-да басталады.