ҚПЛ-да төрт гол соғылған тартысты матч өтті
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 29-турында Өскеменнің "Алтай" клубы мен Семейдің "Елімай" командасы кездесті.
Семейліктер алғашқы минуттарда басымдық танытқанымен, қауіпті шабуылдарды нәтижелі аяқтай алмады. Кездесу барысында алаң иелері пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Он бір метрлік айып добын Драган Стоисавлевич сәтті орындап, "Алтайды" алға шығарды.
Дегенмен үзіліске дейін "Елімай" Марин Беланчичтің арқасында таразы басын теңестірді.
Үзілістен кейін алаң иелері қайтадан алға шықты. "Елімайлық" қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Дарко Додев "Алтайға" басымдық сыйлады. Бірақ семейлік команда жеңіліспен келіспеді. Қонақтар пенальти орындау құқығына ие болып, Рамазан Оразов мүмкіндікті мүлт жібермеді. Сөйтіп таблодағы есеп 2:2 болып өзгерді. Қалған уақытта екі команда гол соға алмады.
Бұл тең нәтижеден кейін "Елімай" 45 ұпай жинап, турнир кестесіндегі жоғарғы орындардың бірінде қалды. Ал өскемендік "Алтайдың" еншісінде 27 ұпай бар. Команда әлі де төменгі орындардан ұзап кете алмай, Премьер-лигадан шығып қалу қаупі бар аймаққа жақын тұр.