"Астана" ҚПЛ-дың соңғы командасын жеңе алмады
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 29-турында "Астана" өз алаңында "Қайсармен" кездесіп, күтпеген жерден ұпай жоғалтты.
Голсыз өткен матч
Кездесу басталған сәттен-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. Қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті мүмкіндік ұйымдастырды. Дегенмен шабуылдар нәтижесіз аяқталды. Қызылордалықтар қорғаныста жинақы ойнап, өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Осылайша командалар 90 минут бойы есеп аша алмай, тең тарқасты.
"Астана" маңызды екі ұпайдан айырылды
Матч алдында "Астана" турнирлік кестеде қарсыласынан әлдеқайда жоғары орналасқан еді. Бірақ елордалық клуб өз алаңындағы басымдығын жеңіске айналдыра алмады.
ҚПЛ-дың соңғы орнында келе жатқан "Қайсар" болса, сырт алаңда бір ұпай еншілеп кетті.
29-турдан кейін "Астана" 53 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында қалды. Ал "Қайсардың" еншісінде 25 ұпай бар. Қызылордалық клуб чемпионаттың соңғы сатысында орналасқан.