
Тарихи спорт нысаны 2025-2026 жылдары толық қайта жөндеуден өтеді.
Атыраудың символына айналған "Мұнайшы" орталық стадионы алдағы екі жылда қайта жаңғыртудан өтпек.
Қалалық әкімдіктің 2025 жылғы 24 мамырдағы ресми ақпаратына сәйкес, 2025-2026 жылдарға жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары аясында стадион инфрақұрылымы толық жаңартылып, спортшылар мен көрермендер үшін жайлы жағдай жасалады.
Қазір "Мұнайшы" стадионы "Облыстық мамандандырылған бокс спорт клубы" коммуналдық мекемесінің балансында тұр. Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша стадионды жан-жақты жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленуде.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз хатшысы Гауһар Ілиясова мәлімдеді:
"Қазір жобалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданды. Жоба аясында стадионның барлық құрылымдары заман талабына сай қайта жабдықталады".
"Мұнайшы" стадионы алғаш рет 1950 жылы пайдалануға берілді. Сол кезден бері өңір спортында елеулі рөл атқарып келеді. Бұл спорт нысаны соңғы рет толық реконструкциядан 2003 жылы өтсе, ағымдағы жөндеу жұмыстары 2023 жылы жүргізілді. Енді араға екі онжылдық салып, тағы бір ауқымды жаңарту кезеңі басталмақ.