
Іле-Қазақ автономиялық облысының Моңғолкүре ауданында көкпардан халықаралық деңгейдегі жарыс басталды. "Жібек жолы" атауымен ұйымдастырылған турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан 8 команда қатысып жатыр.
Жарысқа қатысқан сегіз команда екі топқа бөлінді. Әуелі командалар айналмалы жүйе бойынша өзара ойнап, топтағы үздіктерді анықтайды. Кейін әр топтың көшбасшылары бас жүлде үшін додаға түседі.
Қазақстан ұлттық құрамасы "А" тобында бақ сынайды. Бұл топта еліміздің басты қарсыласы — Өзбекстан командасы. Сонымен қатар, Қытайдағы этникалық қазақтардан құралған”Текес” пен “Моңғолкүре” ұжымдары да осы топта.
Ал “В” тобында Қырғызстан құрамасымен қатар “Тасқорған”, “Хотан” және “76” деп аталатын жергілікті командалар бар.
Көкпар басталар алдында жарыс қатысушыларына Қытай аумағында бекітілген жергілікті ережелер мен техникалық талаптар таныстырылды. Сонымен қатар жеребе тарту рәсімі өтіп, ойын күнтізбесі бекітілді.
Қазақстан құрамасына Нұрдәлет Момынов жетекшілік етеді. Ол – көкпар саласының тәжірибелі маманы, халықаралық деңгейде танылған бапкер.
Аталған турнир Қытайдағы “Тұлпар” ұлттық мерекесінің аясында өтуде. Бұл шара жыл сайын миллиондаған туристі жинайды. Мысалы, 2024 жылы фестивальге 8 миллионнан астам адам келген.
Халықаралық деңгейдегі көкпар додасы үш күнге жоспарланған. Жеңімпаз командалар жарыс соңында арнайы марапаттармен және естелік жүлделермен марапатталады.