Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлем чемпионатындағы жарқын жеңісінен соң көп кідірмей, келесі жарысқа қамдана бастағанын мәлімдеді.
Асаубаева әлеуметтік желідегі жазбасында құттықтаулар үшін алғыс айтып, енді қайта жұмыс режиміне көшетінін жеткізді:
«Қайтадан жолға шықтым. Құттықтағандарыңызға рахмет, енді іске кірісетін уақыт — келесі турнир 12 күннен кейін», — деп жазды Бибісара (жазбаға ұшақ эмодзиін қосқан).
Еске салайық, Бибісара Асаубаева 2025 жылғы FIDE әйелдер арасындағы блиц бойынша әлем чемпионатында чемпион атанып, бұл санатта үшінші мәрте топ жарды. Бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионы болған.
2025 жылғы әлемдік блиц додасында Асаубаева финалда Анна Музычукты жеңіп, тағы бір маңызды жетістікке — 2026 жылғы Үміткерлер турниріне жолдамаға қол жеткізген.
FIDE алдын ала жариялаған регламент бойынша әйелдер арасындағы блиц әлем чемпионатының жеңімпазы 40 000 еуро сыйақы алады.
Ресми рейтинг жаңарғаннан кейін Асаубаева 2026 жылдың қаңтар айындағы FIDE рейтингінде 11-орынға көтерілгені хабарланды (рейтингі — 2497).