Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блиц шахматынан әлем чемпионатын жеңіп алғаннан кейін FIDE рейтингіндегі орнын жақсартты.
Әлем чемпионатындағы жеңісінің арқасында Асаубаева бес сатыға көтеріліп, қазір блиц бойынша үшінші орынға жайғасты. Бұл санатта көшбасшылықты бұрынғыдай қытайлық Хоу Ифань сақтап тұр. Екінші орында тағы бір Қытай өкілі — Цзюй Вэньцзюнь орналасқан.
Блиц рейтингінің алғашқы бестігіне сондай-ақ ресейлік шахматшылар Екатерина Лагно мен Александра Горячкина кірді. Ал алғашқы ондықтың төменгі қатарларында Лэй Тинцзе (Қытай), Тань Чжунъи (Қытай), Элин Руберс (Нидерланды), Хампи Конеру (Үндістан) және Чжу Цзиньэр (Қытай) орналасқан.
Еске салайық, Бибісара Асаубаева блиц шахматынан үш мәрте әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ол бұл атақты 2021 және 2022 жылдары жеңіп алған болатын.