Бибісара Асаубаева: "Жеке бапкерім күніне 1000 еуро алады"

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық шахматшы, блиц бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева кәсіби деңгейдегі дайындықтың арзан емес екенін ашып айтты. Tengri Sport-қа берген сұхбатында бапкерге, оқу-жаттығу жиындарына және кеңейтілген командаға кететін шығындар туралы нақты мысалдар келтірді.

Бибісара Асаубаева: "Жеке бапкерім күніне 1000 еуро алады"
alash.kz

Үш дүркін чемпион атану үшін қандай дайындық керек?

Асаубаева 2025 жылдың соңында блиц-шахматтан кезекті әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихында осы дисциплинада үш мәрте топ жарған алғашқы шахматшы атанды.

Оның айтуынша, мұндай нәтижеге жету үшін жыл бойы жүйелі жоспар қажет. Спортшы жылына 6 рет оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әр жиын 10 күнге созылатынын жеткізген.

“Шахмат арзан спорт” дейтіндер қателеседі

Бибісара шахматты сырт көз “шығыны аз спорт” деп қабылдайтынын, алайда шын мәнінде кәсіби деңгейде қаражат көп кететінін жасырмады.

“Шахматтан хабары жоқ адамдар оны арзан спорт деп ойлайды. Теннис, гольф, бокс сияқты үлкен жүлде қоры жоқ, бірақ шығын өте жоғары. Жеке бапкерім күніне 1000 еуро алады. Бұған ұшақ билеті, тұру, басқа да шығындар кірмейді”, — дейді ол.

Спортшының мәліметінше, тек негізгі бапкердің өзіне кететін қаржы жылына шамамен 60 мың еуроға жуықтайды. Бұл — 35,2 миллион теңге төңірегі.

Командада 11 адам: әрқайсысының рөлі бөлек

Асаубаева қазір дайындығының күрделенгенін ерекше атап өтті. Себебі ол Үміткерлер турниріне жолдама алған. Бұл деңгейде ұсақ детальдің өзі шешуші факторға айналады.

Оның сөзінше, командасында 11 маман бар. Олардың қатарында:

  • негізгі бапкерлер,
  • спарринг-серіктестер,
  • дебют (ашылу) бойынша мамандар,
  • эндшпиль (ойын соңы) бойынша бапкерлер,
  • миттельшпиль (ойын ортасы) бойынша бапкерлер және өзге де көмекшілер.

“Барлығы сенің деңгейіңе байланысты. Үміткерлер турниріне шыққан соң дайындық әлдеқайда ауыр болады, көзге көрінбейтін ұсақ нәрселердің бәрін есепке аласың. Қазір менің командада 11 адам бар. Әрқайсысы өз үлесін қосуы керек, сондықтан жалпы сома да қомақты шығады”, — деді шахматшы.

Еске сала кетейік, блицтен әлем чемпионатындағы жеңіс Бибисараға Үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Аталған дода 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтеді.

Бұл турнирдің жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпиондығы үшін матчқа шығуға құқық алады. Қазір лассикадағы әлем чемпионы — қытайлық Цзюй Вэньцзюнь.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір