Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде көшбасшылықтан айырылды

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінің жалпы есебінде екінші орынға түсіп қалды.

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде көшбасшылықтан айырылды
sport.orda.kz

Дивья Дешмух бірінші орынға көтерілді

Бесінші тур қорытындысы бойынша Үндістан өкілі Дивья Дешмух турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Ол қытайлық Чжу Цзиньэрді жеңіп, үш ұпай еншіледі. Осы нәтижеден кейін Дешмухтың жалпы көрсеткіші 8,5 ұпайға жетті. Ал Бибісара Асаубаеваның еншісінде 8 ұпай қалды.

Еске салайық, бесінші турда Бибісара Асаубаева украиналық гроссмейстер Анна Музычукпен кездесті. Негізгі партия тең нәтижемен аяқталып, жеңімпаз армагеддон арқылы анықталды.

Қосымша партияда қазақстандық шахматшы жеңіске өте жақын болды. Бірақ тартысты әрі драмалық эндшпильде Асаубаева қарсыласына есе жіберді. Жеңіске жету үшін оған бар болғаны бір минутқа жуық уақыт төтеп беру қажет еді.

Norway Chess Women-2026: үздік үштік

Қазір турнир кестесінің алғашқы үштігі мынадай:

  1. Дивья Дешмух — Үндістан, 8,5 ұпай
  2. Бибісара Асаубаева — Қазақстан, 8 ұпай
  3. Анна Музычук — Украина, 7 ұпай

Асаубаева алтыншы турда тәжірибелі үнді гроссмейстері Хампи Конерумен ойнайды. Бұл кездесу қазақстандық шахматшы үшін көшбасшылыққа қайта оралу жолындағы маңызды партия болмақ.