Бибісара Асаубаева Норвегияда қайтадан жеке-дара көш бастады (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахматшы Норвегия астанасы Ослодағы Norway Chess 2026 халықаралық турнирінде бірінші сатыға қайта көтерілді.

Бибісара Асаубаева Норвегияда қайтадан жеке-дара көш бастады (ВИДЕО)
womengrandprix.fide.com

Армагеддондағы жеңіс

Асаубаева алтыншы турда үндістандық Хампи Конерумен күш сынасты. Классикалық партия тең нәтижемен аяқталғаннан кейін жеңімпазды армагеддонда анықтауға тура келді. Ақ фигуралармен ойнаған қазақстандық шахматшы сенімді ойын көрсетіп, маңызды жеңіске жетті 

Осы нәтижеден кейін Бибісара Асаубаева жалпы есепте 9,5 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Турнир кестесінде екінші орында үндістандық Дивья Дешмукх келеді. Оның еншісінде — 8,5 ұпай. Үздік үштікті былтырғы Norway Chess жеңімпазы, украиналық Анна Музычук түйіндеп тұр. Ол 8 ұпай жинаған.

Әлемнің қазіргі чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь де 8 ұпаймен төртінші орында орналасқан.

Ерлер турнирінде Уэсли Со алға шықты

Norway Chess турнирінің ерлер арасындағы бәсекесінде америкалық гроссмейстер Уэсли Со бірінші орынға көтерілді. Оның қоржынында — 11,5 ұпай.

Екінші орында франциялық Алиреза Фируджа келеді. Ол 10 ұпай жинады. Ал үздік үштікті германиялық шахматшы Винсент Кеймер 8 ұпаймен толықтырып тұр.

Бұрынғы әлем чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсен әзірге төртінші орында. Оның еншісінде — 7,5 ұпай. Қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу 6,5 ұпаймен келесі сатыда тұр.

Norway Chess 2026 турнирі жалпы 10 турдан тұрады. Жарыс 5 маусымға дейін жалғасады.