Рим Папасына "Астана" велокомандасының формасы табысталды

Жекпе-жек шолушысы

XDS Astana Team үшін биылғы "Джиро д’Италия" жарысы соңғы жылдардағы ең табысты додалардың бірі болды.

Рим Папасына "Астана" велокомандасының формасы табысталды
instagram/@xds_astana_team

Ватикан басшылығына Astana Team жейдесін ұсынылды

Римде маусымның алғашқы суперкөпкүндігі — "Джиро д’Италия-2026" мәресіне жетті. Бұл жарыс XDS Astana Team командасы үшін ерекше нәтижемен есте қалды.

Италиялық Гранд-турдың соңғы күнінде Олимпиада чемпионы әрі XDS Astana Team бас менеджері Александр Винокуров Ватикан мемлекетінің басшысы, Рим Папасы Лев XIV-ке қазақстандық велокоманданың арнайы жейдесін табыстады.

Өз кезегінде Рим Папасы қазақстандық команданы "Джиро д’Италия-2026" жарысындағы жарқын өнерімен құттықтап, шабандоздарға алдағы додаларда жаңа жеңістер мен үлкен жетістіктер тіледі.

XDS Astana Team үш кезеңде жеңіске жетті

Биылғы "Джиро д’Италия" додасында XDS Astana Team жоғары деңгейдегі нәтиже көрсетті. Команда жарыстың әр кезеңінде белсенділік танытып, жалпы есепте маңызды ұпайлар жинады.

Қазақстандық ұжым тур барысында үш кезеңде жеңіске жетті. Сонымен қатар команда жарыс барысында велоспорттағы ең беделді белгілердің бірі саналатын қызғылт көшбасшы жейдесін киіп үлгерді.

Александр Винокуров команданың Италиядағы көрсеткішіне баға беріп, халықаралық деңгейдегі қолдаудың шабандоздар үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

"Команда “Джиро д’Италияда” барынша жарқын өнер көрсетіп, Қазақстанды әлемдегі ең ірі веложарыстардың бірінде лайықты таныстыруға тырысты. Осындай жоғары халықаралық деңгейде жылы лебіз есту — біз үшін үлкен құрмет әрі алға қарай жылжып, жаңа жеңістерге ұмтылуға қосымша мотивация", — деді Александр Винокуров.

Astana Team әлемдік рейтингтегі орнын сақтап қалды

"Джиро д’Италия" қорытындысы бойынша Astana Team 1565 ұпай жинады. Осы нәтиженің арқасында команда UCI әлемдік командалық рейтингінде бесінші орнын сақтап қалды.

Ал маусымның алғашқы бес айындағы жалпы көрсеткіш бойынша XDS Astana Team еншісінде 8318,71 ұпай бар.

Жобаның континенталдық құрамасы — XDS Astana Development Team де биылғы маусымда жоғары нәтиже көрсетуде. Айта кетейік, бұл команданың 50 пайызы қазақстандық шабандоздардан құралған.

Маусым басынан бері бес жеңіс пен бес жүлделі орынға қол жеткізді. Соның нәтижесінде XDS Astana Development Team UCI континенталдық командалар рейтингінде үшінші орында тұр.

Сонымен қатар команда World Tour жобаларының жастар ұжымдары арасында 891,1 ұпаймен көш бастап келеді.