Асаубаева Норвегиядағы турнирде қарсыластарынан ұзап кетті (ВИДЕО)
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Ослодағы Norway Chess Women-2026 беделді турнирінде сәтті өнер көрсетуін жалғастырып жатыр.
Көшбасшылығын нығайтты
Асаубаева жетінші турда қытайлық Чжу Цзиньэрмен кездесіп, классикалық партияда жеңіске жетті. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға максималды 3 ұпай сыйлады.
Осы жеңістен кейін Бибісара турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қана қоймай, жақын қарсыластарымен арадағы айырманы айтарлықтай ұлғайтты. Қазір оның еншісінде 12,5 ұпай бар.
Жеті турдан кейінгі турнир кестесі:
- Бибісара Асаубаева Қазақстан — 12,5 ұпай
- Дивья Дешмух Үндістан — 8,5
- Анна Музычук Украина — 8,0
- Цзюй Вэньцзюнь Қытай — 8,0
- Чжу Цзиньэр Қытай — 7,0
- Хампи Конеру Үндістан — 5,5
Осылайша Асаубаева екінші орында тұрған үндістандық Дивья Дешмухтан 4 ұпайға алда келеді. Келесі турда қазақстандық шахматшы дәл осы Дешмухпен кездеседі.
Шешуші кезеңге сенімді қадам басты
Айта кетейік, Асаубаева бесінші турда негізгі партияда тең ойнап, армагеддонда украиналық Анна Музычукке жол берген. Ал алтыншы турда үндістандық гроссмейстер Хампи Конерумен тең түсіп, кейін армагеддонда көшбасшылық позициясын қайтарып алған.
Енді Бибісара Асаубаева негізгі бәсекелестерінің бірі Чжу Цзиньэрді классикалық партияда жеңіп, турнирдегі жағдайын одан әрі нығайтты.