"Келісімшартсыз жалақы болмайды": Елдос Сметов Шайдоровтың дауына нүкте қойды
Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың келісімшарт пен жалақы мәселесіне қатысты ойын айтты.
Сметов келісімшарт мәселесін түсіндірді
Елдос Сметовтың айтуынша, Олимпиада ойындарынан кейін спортшылар тиісті төлемдерін алған. Кейін жаңа келісімшарт жасалып, құжатқа қол қойылғаннан кейін жалақы төлеу тәртібі жалғасқан.
“Иә, Олимпиада ойындарынан кейін біз өз төлемдерімізді алдық. Кейін жаңа келісімшарт жасалды, оған қол қойылды. Қазір келісімшарт жыл сайын бекітіледі. Біз барлық талапқа сай құжатқа қол қойып, жалақымызды алып жүрміз”, — деді Сметов.
Олимпиада чемпионының сөзінше, келісімшартсыз жалақы төлеу заң тұрғысынан мүмкін емес. Сондықтан мұндай жағдайда негізгі мәселе құжатқа қол қою немесе оның талаптарымен келіспеу болуы мүмкін екенін атап өтті.
Келісімшартсыз жалақы болмайды
Сметов спортта ғана емес, кез келген салада еңбек қатынасы келісімшарт арқылы реттелетінін айтты. Оның пікірінше, адам жалақы алуы үшін алдымен тиісті құжатқа қол қоюы қажет.
“Егер келісімшартқа қол қойылмаса, заң бойынша жалақы алу мүмкін емес. Бұл жерде үлкен мәселе көріп тұрған жоқпын. Кез келген салада келісімшарт бар. Оның талаптары келісіліп, қол қойылғаннан кейін ғана адам жалақы алады”, — деді ол.
Сонымен қатар дзюдошы кей жағдайда спортшыны келісімшарттағы белгілі бір талаптар қанағаттандырмауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
“Мүмкін, кейбір шарттар ұнамайтын шығар. Жалақы көлемі аз деп есептейтіндер болуы ықтимал. Мұндай жағдайда келісімшарт қол қойылмай қалуы мүмкін. Бірақ “келісімшартсыз жалақы төлеңіздер” дегенді өз басым естігенім жоқ”, — деді Сметов.
Елдос Сметов жеке спорттық мансабында жалақы немесе келісімшарт бойынша ешқандай түсінбеушілік болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, барлық төлемдер құжаттық тәртіппен жүргізілген және спортшы ретінде бұл бағытта қиындыққа тап болмаған.
Шайдоровтың жағдайы қоғамды екіге бөлді
Еске салайық, Қазақстан спортында Михаил Шайдоровтың келісімшартсыз қалып, жалақы ала алмай отырғаны кеңінен талқылануда. Мәнерлеп сырғанаушы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, алдағы дайындық процесін қалай жалғастыратынын түсінбей отырғанын айтқан.
Ал спорт саласына жауапты шенеуніктер мәселенің шешілетінін, тараптар келісімге келіп, барлық төлем жасалатынын мәлімдеген.
Бұл оқиға қазақстандық жанкүйерлер арасында түрлі пікір туғызды. Бір тарап Михаил Шайдоровты толық қолдаса, екінші тарап спортшы мен жауапты ұйымдар арасында келісімшарт талаптары нақты реттелуі керек деп санайды.