Ауылдан шыққан гимнасшы әлемдік элитаға жолдама алды
Аяз Жаһангер Street Workout бойынша әлемдік лигаға өткен Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. Алматы облысының ауылында дүниеге келген 20 жастағы атлет әлемнің ең үздік 24 спортшының қатарына кірді.
Турниктен басталған үлкен жол
Аяз Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Бала күнінде жүзу және жекпе-жек түрлерімен айналысқанымен оны ең қатты қызықтырғаны — турник пен гимнастикалық элементтер болды. Әжесі үлкен ағасына арнап үйге турник орнатып бергеннен кейін Аяз да біртіндеп жаттығуға қызыға бастаған. Бұл туралы TengriSport жазады.
Алғашқы гимнастикалық элементтерді өз бетімен меңгеріп, 12 жасында Алматыда беделді Street Workout жарысында 16 жасқа дейінгі спортшылар арасында алтын медаль жеңіп алды. Осы жетістіктен кейін бұл бағытпен кәсіби түрде айналысуды бастаған.
Street Workout қандай спорт?
Street Workout — паркур және фитнес элементтерін біріктіретін спорт түрі. Қазір бұл бағыт жастар арасында кеңінен танымал. Көпшілік оны тек спорт емес, ерекше субмәдениет ретінде де қабылдайды.
Аяз Жаһангердің сөзінше, воркаутта басты талап — өз денеңді толық бақылау және күрделі элементтерді орындау қабілеті.
“Street Workout — спорттық гимнастикаға жақын бағыттардың бірі. Қазір жастар арасында өте танымал. Өз денеңді басқару, жаңа элементтерді үйрену адамды одан сайын ынталандырады”, — дейді қазақстандық спортшы.
Воркаут пен спорттық гимнастиканың айырмашылығы неде?
Көпшілік Street Workout пен классикалық спорттық гимнастиканы салыстырады. Аяз бұл екі бағыттың ұқсастығы болғанымен айырмашылығы да аз емес екенін айтады.
Оның айтуынша, бұрын воркаутта спорттық гимнастикадағы элементтер жиі қолданылған. Бірақ уақыт өте келе бұл бағыттың өзіндік техникасы мен ерекше элементтері қалыптасты.
“Қазір воркауттың арсеналы қатты өзгерді. Бізде тек гимнастикадан алынған қимылдар емес, осы спортқа тән мүлде жаңа элементтер бар. Мысалы, спорттық гимнастикада 360, 720 немесе ең көбі 900 градусқа айналу кездессе, воркаутта бұл шектен асып, 1260 градусқа дейін жеткен элементтер бар”, — дейді Аяз.
Спортшының пікірінше, кәсіби гимнасшылар, тіпті әлем немесе Олимпиада чемпиондары да воркаут ережесі бойынша өткен жарыста міндетті түрде басым түсе алмайды. Себебі бұл — бөлек орта, бөлек техника және бөлек дайындық жүйесі.
Неге Олимпиадалық гимнастикаға ауыспады?
Аяз Жаһангер спорттық гимнастикаға ауысу туралы ой болғанын жасырмайды. Дегенмен кейін бұл қадамға кеш екенін түсінген.
Қазір ол воркаутпен қатар, әуесқой деңгейде армрестлингпен де айналысады. Бұдан бөлек, стритлифтингтен спорт шебері атанған. Стритлифтинг — қосымша салмақпен тартылу және итерілу жаттығуларына негізделген күштік бағыт.
“Олимпиадалық спорттың мәртебесі жоғары екені рас. Бірақ мен үшін қазір кеш. Воркаут, армрестлинг, стритлифтинг және фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеу денені қатайтып, икемділікті азайтады. Ал спорттық гимнастикада техника мен тазалық өте қатаң бағаланады”, — дейді ол.
Әлемдік лигаға жолдама
Аяз Жаһангер воркаутпен кәсіби түрде сегіз жылдан бері айналысып келеді. Биыл ол мансабындағы ең маңызды нәтижелердің біріне жетті.
Қазір қазақстандық спортшы — елдің абсолютті чемпионы. Сонымен қатар әлем кубогында үздік бестікке кіріп, ең мықты 24 воркаут шеберінің қатарына енді. Маусым айында басты әлемдік лигада өнер көрсетіп, абсолютті әлем чемпионы атағы үшін бақ сынайды.
Спортшының айтуынша, кәсіби воркаутта қаржылай табыс табу қиын. Мысалы, әлем чемпионатында 5 мың еуро көлеміндегі жүлде тек жеңімпазға беріледі. Аязға халықаралық жарыстарға қатысуға жанашыр меценат көмектесіп келеді. Ал мемлекеттік деңгейде бұл спорт түріне әзірге жүйелі қолдау жоқ.
Қазақстанда воркаут неге ресми спорт емес?
Аяз Жаһангердің айтуынша, бұрын Қазақстанда воркаут ресми спорт түрі болған. Алайда 2016 жылы бұл мәртебеден айырылған. Оған спорттың танымалдығы төмендеп, кәсіби атлеттер саны азайғаны себеп болған.
Қазір спортшылар бұл бағытты қайтадан ресми спорт түрі ретінде мойындатуға күш салып жүр.
“Шын мәнінде, Қазақстанда воркаутпен айналысатын жастар көп. Әр аулада турник пен брусьяда жаттығып жүрген жігіттерді көруге болады. Көп адам үшін бұл жай ғана дене шынықтыру емес, өз денесін басқаруды үйрену, жаңа элементтерді меңгеру және дамуға ұмтылу”, — дейді Аяз.
Қазақстанда былтырдан бері мемлекет қаржыландыратын басым спорт түрлерінің тізімі жұмыс істейді. Оған Олимпиада және Паралимпиада бағдарламасындағы спорт түрлері, Азия ойындарына кіретін бағыттар және 11 ұлттық спорт енген. Бірақ Street Workout әзірге бұл тізімде жоқ.