Қазақстандық волейболшылар Ираннан есесін қайтарып, Азия кубогында топ бастады

Спорт шолушысы

Қазақстан әйелдер құрамасы Филиппинде AVC Cup турнирінде үшінші жеңісіне жетті.

Қазақстандық волейболшылар Ираннан есесін қайтарып, Азия кубогында топ бастады
instagram/@volleyfederationkz

Ираннан төрт сетте басым түсті

Филиппинде әйелдер арасында волейболдан AVC Cup жарысы жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы Иранмен кездесіп, тартысты ойында жеңіске жетті.

Матч төрт партияға созылды. Бірінші сетте қарсылас басым түскенімен қазақстандықтар ойын барысын өзгертіп, келесі үш партияда сенімді өнер көрсетті.

Қазақстан – Иран – 3:1 (13:25, 25:20, 25:14, 25:18)

Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін маңызды болды. Себебі бұған дейін ұлттық команда Орталық Азия чемпионатында Ираннан екі рет, топтық кезеңде және финалда жеңілген. Осылайша қазақстандық волейболшылар сол жеңілістердің есесін қайтарды.

В тобында жеке-дара көш бастады

Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын Қазақстан әйелдер құрамасы турнирдегі алғашқы матчтарында да сәтті ойнаған. Бұған дейін Гонконгты 3:1, ал Индонезияны 3:0 есебімен жеңді.

Үш ойыннан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 9 ұпай бар. Осы нәтижемен ұлттық құрама В тобында бірінші орында тұр. Бірақ Вьетнам құрамасы бүгін Индонезияға қарсы матч өткізеді. Егер Вьетнам жеңіске жетсе, турнир кестесіндегі жағдай өзгеруі мүмкін.

Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңде тағы екі матч өткізеді:

  • 11 маусым – Қазақстан – Ливан
  • 12 маусым – Қазақстан – Вьетнам

Турнир форматы қандай?

AVC Cup жарысында командалар екі топқа бөлінген. Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсетіп жатыр.

А тобында мына құрамалар бар:

Филиппин, Қытай Тайбэйі, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және Австралия.

Ереже бойынша әр топтан үздік екі команда жартылай финалға жолдама алады. Кейін олар финалға шығатын құрамаларды және қола жүлдеге таласатын командаларды анықтайды.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы бұл турнирге толық негізгі құраммен барған жоқ. Ұлттық команданың бапкерлер штабы ел чемпионатынан кейін жетекші волейболшыларға демалыс беріп, жарысқа тәжірибелік құрамды қосты.