Михаил Шайдоров Қазақстаннан кетті

Спорт шолушысы

Отандасымыз АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. 

Михаил Шайдоров Қазақстаннан кетті
matchtv.ru

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров АҚШ-та өтетін шетелдік оқу-жаттығу жиынына аттанды. Жуырда спортшы Калифорния штатының Ирвайн қаласында орналасқан Great Park Ice мұз айдыны маңынан фото жариялады.

Шайдоров әлеуметтік желідегі жазбасында алдағы дайындық кезеңіне қысқа пікір білдірді.

"Қарбалас айды асыға күтіп жүрмін", — деп жазды қазақстандық фигурист.

Бұл жиын Шайдоров үшін жаңа маусым алдындағы дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ.

АҚШ-та танымал мамандармен жұмыс істейді

Бұған дейін Михаил Шайдоров АҚШ-та белгілі бапкер Рафаэль Арутюнянмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтқан еді.

Сонымен қатар қазақстандық спортшы канадалық танымал хореограф Ше-Линн Бурнмен жұмыс істеуі мүмкін. Бұл дайындық оның жаңа бағдарламаларын жетілдіруге және алдағы маусымға сапалы әзірленуге бағытталған.

Даулы сұхбаттан кейінгі алғашқы қадам

Өткен айда Михаил Шайдоров резонансты сұхбат беріп, Олимпиада-2026-дағы сенсациялық жеңісінен кейін жалақы және маусымға дайындыққа арналған төлемдер алмай жүргенін мәлімдеген болатын.

Бұл мәлімдеме қазақстандық спорт қоғамында үлкен талқылау тудырды. Кейін ҚР Туризм және спорт министрлігі фигуристпен жаңа келісімшарт жасалғанын хабарлады.