Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Токиодағы турнирде сенсация жасады

Спорт шолушысы

Отандасымыз әлемдік шахматтың үздіктерімен бәсекеге түсіп, рапид кезеңінде күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Токиодағы турнирде сенсация жасады
instagram/@alua_nurman

Токиода мықтыларды жеңді

Токиода әйелдер арасында беделді WR Women’s Chess Tour 2026 – Tokyo Asian Leg турнирінің алғашқы кезеңі өтті. Бұл жарысқа әлемдік рейтингте жоғары тұрған тәжірибелі шахматшылар қатысты.

Қазақстан намысын қорғаған Алуа Нұрман рапид бәсекесінде жарқын нәтиже көрсетті. Ол ширек финалда 2004-2006 жылдар аралығында әлем чемпионы болған болгариялық гроссмейстер Антоанета Стефанованы жеңді.

Ал жартылай финалда әлемде ең мықты шахматшылардың бірі саналатын гроссмейстер Катерина Лагноны қапы қалдырды. Бұл нәтиже турнирдің басты сенсацияларының бірі болды.

Финалда үндістандық гроссмейстермен кездесті

Алуа Нұрман финалдық кездесуде 2026 жылғы Үміткерлер турнирінің жеңімпазы, Үндістан өкілі Вайшали Рамешбабумен ойнады.

Тартысты өткен матчта қазақстандық шахматшы қарсыласына 0,5:1,5 есебімен жол берді. Соған қарамастан Алуа Нұрман рапид кезеңінің күміс жүлдегері атанып, халықаралық деңгейдегі маңызды жетістікке жетті. 

Жалпы есепте екінші болды

Нұрман рапид қорытындысы бойынша 8 ұпай жинап, сегіз қатысушының ішінде екінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, турнирге бұрынғы әлем чемпиондары мен қазіргі әлемдік шахматтың көш басында жүрген шахматшылар қатысты. Сондықтан Нұрманның күміс жүлдесі Қазақстан үшін айрықша нәтиже саналады.

2026 жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша Алуа Нұрман FIDE-нің әйелдер арасындағы әлемдік рейтингінде 27-орында тұр.

Ал қазақстандық шахматшылар арасында екінші орында келеді. Бұл көрсеткіш бойынша Алуа Бибісара Асаубаевадан кейін орналасқан.