Бибісара Асаубаева рапид пен блицтен командалық әлем чемпионатында өнер көрсетеді
Қазақстандық шахматшы Гонконгта өтетін FIDE командалық әлем чемпионатында Kazchess командасының құрамында ойнайды.
Асаубаева Kazchess құрамына енді
Қазақстан шахматының көшбасшыларының бірі Бибісара Асаубаева рапид пен блицтен FIDE командалық әлем чемпионаты-2026 турниріне қатысады.
Ол Гонконгтағы жарыста Kazchess командасының намысын қорғайды. Команда құрамына қазақстандық шахматшылармен қатар, әлемдік деңгейдегі шетелдік гроссмейстерлер де енгізілген.
Kazchess сапында кімдер ойнайды?
Kazchess командасының құрамы өте мықты. Бибісара Асаубаевадан бөлек, командаға бірқатар тәжірибелі және жас шахматшылар кірді:
- Шахрияр Мамедьяров — рапидтен бұрынғы әлем чемпионы, Әзербайжан
- Александр Грищук — блицтен үш дүркін әлем чемпионы, Ресей
- Рихард Раппорт — Венгрия
- Ван Хао — Қытай
- Дәрмен Сәдуақасов — команда капитаны
- Қазыбек Нөгербек — жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы
- Алдияр Аңсат
- Меруерт Қамалиденова
- Құмар Түліпов
Әлем чемпионаты Гонконгта өтеді
FIDE командалық әлем чемпионаты 2026 жылдың 17-21 маусым аралығында Қытайдың Гонконг қаласында ұйымдастырылады.
Жарыс Queen Elizabeth Stadium аренасында өтеді. Турнирге әлемнің 42 мықты командасы қатысады.
Алдағы додаға шахмат әлемінің басты жұлдыздары да қатысатынын растаған. Олардың қатарында:
- Магнус Карлсен
- Фабиано Каруана
- Хоу Ифань сияқты әйгілі шахматшылар бар.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 мың еуроға тең.