Әлем чемпионатының жүлдегеріне үш бөлмелі пәтер берілді

Футбол шолушысы

Қазақстандық ауыр атлет, ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Чуркинге Астанада үш бөлмелі пәтер табысталды.

Әлем чемпионатының жүлдегеріне үш бөлмелі пәтер берілді
TengriSport

Алексей Чуркин баспаналы болды

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Алексей Чуркинді марапаттау рәсімі елордада өтті. Халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыға үш бөлмелі пәтер сыйға берілді.

Бағалы сыйлықты Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мен Қостанай облысының ауыр атлетика федерациясы бірлесіп табыстады.

Атлет федерация басшыларына алғыс білдірді

Алексей Чуркин құттықтау рәсімінде Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиевке ерекше ризашылығын жеткізді. Спортшының айтуынша, федерация басшысының қолдауы оның баспана мәселесінің шешілуіне ықпал еткен.

tengrisport.kz

Сонымен қатар ауыр атлет Қостанай облыстық федерациясының президенті Махмуд Тұрсыновқа тұрақты қолдау көрсетіп, спортшылардың жағдайына көңіл бөліп жүргені үшін алғыс айтты.

Чуркин мұндай марапаттар спортшыларға қосымша мотивация беріп, жаңа жеңістерге жігерлендіретінін атап өтті.

"Ең бастысы — табандылық, арманыңнан бас тартпау және жоғары нәтижелерге ұмтылу. Халықаралық аренада Қазақстанның туын көтеру — әр спортшы үшін үлкен мақтаныш", — деді ауыр атлет.

Марапаттау рәсіміне құрама спортшылары қатысты

Салтанатты шараға Қазақстанның ұлттық және жастар құрамаларының мүшелері де қатысты. Олар Алексей Чуркинді жаңа баспанасымен құттықтап, федерация тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.

Спортшылардың пікірінше, мұндай көмек атлеттердің тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, толықтай жаттығу процесіне көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Еске салайық, Алексей Чуркин 2024 жылдың желтоқсанында әлем чемпионатында күміс жүлде алған.

Бұған дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы әлем чемпионы Артем Антроповқа да пәтер сыйлаған еді. Антропов Қазақстанның үш рекордын жаңартып, 2024 жылы Манамадағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.