Бибісара Асаубаева ФИДЕ нұсқасы бойынша әлемнің үздік шахматшысы атағына ұсынылды

Спорт шолушысы

22 жастағы отандасымыз FIDE Excellence Awards сыйлығының "Үздік шахматшы әйел" номинациясы бойынша қысқа тізіміне кірді. Аталған тізімге 2024 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың тамызына дейін жоғары нәтиже көрсеткен әлемнің он үздік шахматшысы енгізілген.

Бибісара Асаубаева ФИДЕ нұсқасы бойынша әлемнің үздік шахматшысы атағына ұсынылды
ФОТО

Асаубаеваның басты қарсыластары кімдер?

Бибісара Асаубаевамен бірге жүлдеге әлемдік шахматтың танымал өкілдері таласады. Олардың қатарында:

  • әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь;
  • әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Горячкина;
  • Әлем кубогының жеңімпазы үндістандық Дивья Дешмух;
  • бұрынғы әлем чемпионы Тань Чжунъи;
  • өзге де жетекші гроссмейстерлер бар.

Бибісара Асаубаеваның жетістіктері

Есептік кезеңде қазақстандық шахматшы бірнеше ірі табысқа жетті. Ол беделді Norway Chess Women турнирінде жеңімпаз атанып, 2026 жылғы Үміткерлер турнирінде екінші орын иеленді.

Сонымен қатар FIDE Women’s Circuit жалпы есебінде көш бастады. Қазақстандық спортшы мансабында алғаш рет ФИДЕ-нің әлемдік рейтингіндегі үздік бес шахматшының қатарына көтерілді.

FIDE Excellence Awards сыйлығының лауреаттары 2026 жылдың қыркүйегінде Самарқанд қаласында жарияланады. Марапаттау рәсімі Өзбекстанда өтетін 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы аясында ұйымдастырылады.