Бибісара Асаубаева әлем кубогы иегерін ұтты
Қазақстандық шахматшы Women’s Speed Chess Championship онлайн-турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қарсыласы кім болды?
Асаубаева Women’s Speed Chess Championship турнирінің 1/8 финалында әлемнің үздік шахматшыларының бірі Дивья Дешмухпен кездесті.
20 жастағы үндістандық — ФИДЕ әлем кубогының қазіргі жеңімпазы. Сонымен қатар Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында командалық және жеке есепте чемпион атанып, 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем біріншілігінде топ жарған.
Кездесудің 5+1 уақыт бақылауымен өткен алғашқы блиц кезеңінде Дивья Дешмух басымдық танытты. Үндістандық шахматшы бұл сегментті 4,5:1,5 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші кезеңде ойын 3+1 форматында жалғасты. Бибісара Асаубаева қарсыласының қарқынын бәсеңдетіп, нәтижені теңестіре бастады. Бұл бөлім 2:2 есебімен аяқталды.
Асаубаева камбэк жасады
Матчтың шешуші бөлігі 1+1 форматындағы жылдам партияларда өтті. Қазақстандық гроссмейстер бес партияның төртеуінде жеңіске жетіп, кезеңді 4:1 есебімен аяқтады.
Осы нәтиженің арқасында Асаубаева жалпы есепті теңестіріп, матч тағдыры тай-брейкте шешілді.
Қосымша партияларда Бибісара 2,5:1,5 есебімен басым түсіп, қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Қорытынды есеп — 10:9.

Бұған дейін Асаубаева өзбекстандық Афруза Хамдамованы 10,5:3,5 есебімен ұтқан. Қазақстандық шахматшы сол кездесудің барлық үш ойын сегментінде де қарсыласынан басым түсті.