Азия чемпионатына аттанған Қазақстан құрамасы далада қалды

Бас редактор

Отандастарымыз волейболдан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қатысу үшін көрші елге аттанған еді. 

Азия чемпионатына аттанған Қазақстан құрамасы далада қалды
t.me/insaidkazvolley

Қытайда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы ұйымдастырушылық мәселеге тап болғаны хабарланды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, отандастарымызды қонақүй нөмірлеріне кіргізбеген.

Ақпарат авторының айтуынша, бұған Қазақстан тарапының қонақүйде тұру ақысы бойынша есеп айырыспауы себеп болуы мүмкін. Турнир аяқталуға жақындаған шақта мұндай жағдайдың туындауы жанкүйерлер мен спорт қауымдастығының наразылығын тудырды.

Федерацияға сын айтылды

Желіде тараған жазбада команданы мұндай жағдайда қалдыруға болмайтыны айтылып, жауапты тараптардан мәселені шұғыл шешу талап етілді.

"Біз кейін құрамалардан нәтиже талап етеміз. Бірақ жеңістер ұраннан емес, командаға деген қарапайым құрметтен басталады. Егер федерация ойыншыларға қалыпты жағдай жасай алмаса, волейболды дамыту туралы айту қиын", — делінген хабарламада.

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы халықаралық турнирде ел намысын қорғап жүр. Мұндай жарыстарда спортшылардың жатын орны, тамағы, қалпына келуі және психологиялық дайындығы нәтижеге тікелей әсер етеді. Сондықтан ұйымдастырушылық мәселелердің жарыс барысында туындауы команданың дайындығына да, ойыншылардың көңіл күйіне де кері ықпал етуі мүмкін.

Азия чемпионаты Қытайда өтіп жатыр

Қазақстанның U18 құрамасы Қытайдың Хайкоу қаласында өтіп жатқан волейболдан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысып жатыр.

Бұған дейін отандастарымыз Австралия құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, турнирдегі қорытынды орындар үшін күресті жалғастырған еді. Енді команда Қырғызстан құрамасымен кездесуі тиіс.