Баскетболшы қыздар Азия чемпионатының финалында Ливанға қарсы ойнады
18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының B дивизионында күміс жүлдеге ие болды.
Финалда Ливан басым түсті
Шешуші кездесуде турнирдің алтын медалімен қатар, келесі маусымда элиталық дивизионда өнер көрсетуге мүмкіндік беретін жалғыз жолдама сарапқа салынды.
Қазақстандық баскетболшылар финалдық матчта қарсыласына лайықты қарсылық көрсетуге тырысқанымен Ливан құрамасы ойын тізгінін өз қолында ұстап, кездесуді 58:39 есебімен аяқтады.
Осы нәтиженің арқасында Ливан Азия чемпионатының B дивизионында жеңіске жетіп, жоғары дивизионға жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасы турнирді екінші орынмен тәмамдады.
Қазақстан плей-оффта екі ірі жеңіске жетті
18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионаты Таиланд астанасы Бангкокта өтті. Қазақстан құрамасы финалға дейін сенімді өнер көрсетті. Ширек финалда отандастарымыз алаң иелері Таиланд құрамасын 62:34 есебімен ойсырата жеңді.
Жартылай финалда Үндістаннан 60:36 есебімен басым түсіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алған еді.