Қазақстан Орталық Азия чемпионатын сәтті бастады

Бас редактор

Қазақстан ерлер құрамасы Исламабадта өтіп жатқан CAVA Men’s Volleyball Championship 2026 турниріндегі алғашқы ойынында Непалды жеңді.

Қазақстан Орталық Азия чемпионатын сәтті бастады
olympic.kz

Пәкістан астанасы Исламабадта волейболдан ерлер ұлттық құрамалары арасындағы 2026 жылғы Орталық Азия чемпионаты басталды. Турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Непал, Шри-Ланка және Бангладеш құрамалары қатысып жатыр.

Қазақстан құрамасы жарыстағы алғашқы кездесуін Непал командасына қарсы өткізді.

Матч өте тартысты өтті. Сергей Трикоз баптайтын команда алғашқы екі партияны сенімді ұтып, кездесуді тез аяқтайтындай көрінген. Алайда кейін қарсылас ойынға қайта оралды.

Қорытынды есеп — 3:2. Партиялар нәтижесі: 25:19, 25:19, 32:34, 19:25, 15:9.

Қазақстанның алдағы матчтары

Орталық Азия чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан құрамасын тағы төрт кездесу күтіп тұр.

  • 23 шілде, 13:00 — Қазақстан — Өзбекстан
  • 24 шілде, 13:00 — Қазақстан — Бангладеш
  • 26 шілде, 10:30 — Қазақстан — Шри-Ланка
  • 27 шілде, 15:30 — Қазақстан — Пәкістан

Төрт команда жартылай финалға шығады

Турнир регламентіне сәйкес, алты құраманың төртеуі жартылай финалға жолдама алады.

Еске салайық, өткен жылы CAVA Men’s Volleyball Nations League 2025 турнирінде Қазақстан ерлер құрамасы төртінші орын алған еді.

Сол жарыста отандастарымыз қола медаль үшін өткен матчта Пәкістан құрамасына есе жіберді. Ал финалда Иран Үндістанды жеңді. Бірақ биыл Иран мен Үндістан аталған чемпионатқа қатысып жатқан жоқ.