Блогер "Ордабасы" өкілінен ескерту алғанын мәлімдеді
Инсайдер әрі блогер Дінмұхамед Болсынбек "Ордабасы" ФК атынан хабарласқан адамның команда қызметіне қатысты видеоларды өшіруді талап еткенін айтты.
"Жауапкершіліктен қашпаймын"
Болсынбек өзіне келген ескерту жөнінде Instagram парақшасында мәлімдеді.
"Бауырлар, кеше бір адам "Ордабасы" футбол клубының атынан жазып, маған ресми ескерту жасады. Онда "Ордабасы" туралы видеоларымды өшірмесем, құзырлы органдар мен сотқа жүгінетіні көрсетілген.
Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Егер сотқа шақырса және заң бұзғаным анықталса, сот алдында жауап беруге дайынмын", – деді блогер.
Әзірге "Ордабасы" клубы бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
"Ордабасы Аренаның" құрылысы туралы видео дау тудырған
Блогердің шымкенттік клубқа қатысты ең көп талқыланған материалы – жаңа "Ордабасы Арена" стадионының құрылыс алаңынан түсірілген видеорепортаж.
Болсынбек аталған видеода нысан құрылысының бастапқы кезеңде тұрғанын және алаңда белсенді жұмыс байқалмағанын мәлімдеген. Оның бағалауынша, стадионның дайындық деңгейі шамамен 10 пайыз.
Материалда құрылыс жұмыстарының баяу жүруіне байланысты әкімдік нысанды пайдалануға беру мерзімін кейінге шегергені де айтылған.
Блогер келтірген деректер мен айыптауларға ресми органдар тарапынан толық баға берілген жоқ.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.