Ел намысын төрт Олимпиадада қорғаған спортшы мансабын аяқтады
Отандық шорт-трек көшбасшыларының бірі Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттан кететінін ресми түрде жариялады.
Жаңа кезеңге қадам
Абзал Әжіғалиев мансабына қатысты шешімін Instagram парақшасында жариялап, жанкүйерлеріне үндеу жолдады.
"Құрметті жанкүйерлер! Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Әр спортшының өмірінде жаңа кезеңге қадам басатын уақыт келеді. Мен үшін сол сәт қазір басталып отыр.
Өткен жолыма көз жүгірткенде өкініш емес, шексіз ризашылық пен мақтаныш сезінемін. Енді осы жолды жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді", – деді спортшы.
Қазақстан құрамасына көмектесуді жалғастырмақ
Әжіғалиевтің айтуынша, оның спорттағы қызметі толығымен аяқталған жоқ. Ол ұлттық құраманың жанында қалып, жастарға тәжірибесін бөлісуді жоспарлап отыр.
"Негізгі мақсатым – осы жылдар ішінде жинаған білімім мен тәжірибемді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанында болып, жас спортшыларға көмектескім, оларға бағыт-бағдар бергім келеді.
Келесі буынның бізден де биік белестерді бағындыруы – мен үшін ең маңызды міндет. Мұны азаматтық әрі спорттық парызым деп есептеймін", – деп жазды ол.
Қазақстандық шорт-трекші отбасы мүшелеріне, бапкерлеріне, командадағы серіктеріне, дәрігерлер мен мамандарға қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
"Менің спорттағы миссиям әлі аяқталған жоқ. Ол енді жаңа деңгейде жалғасады", – деді Әжіғалиев.
Басты жетістіктері
Абзал Әжіғалиев Қазақстан шорт-трегі тарихында ең танымал тұлғалардың бірі. Оның негізгі жетістіктері:
- Азия ойындарының чемпионы;
- Универсиада жүлдегері;
- әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық;
- төрт қысқы Олимпиаданың қатысушысы;
- Олимпиадада Қазақстан туын екі рет көтерген спортшы.
2016 жылы Әжіғалиев әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетіп, тарихи нәтиже тіркеді. Оның Олимпиададағы ең жоғары көрсеткіші – 2022 жылғы Бейжің ойындарында алған төртінші орын.
2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиадада 500 метрлік қашықтықтың іріктеу жарысында жеңіске жетті. Кейін ширек финалға дейін жетіп, жарысты осы кезеңде аяқтады.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.