Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров бір командада ойнайды
Қазақстандық шахматшы Үндістандағы беделді Tech Mahindra Global Chess League командалық турниріне қатысады.
Турнир Бангалорда өтеді
Global Chess League жарысы 5–13 қыркүйек Бангалор қаласында ұйымдастырылады. Турнирдің жалпы жүлде қоры бір миллион доллар болады.
Биылғы додаға алты команда қатысып, чемпиондық атақ үшін сынға түседі.
FYERS American Gambits сапында Бибісара Асаубаевамен бірге өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров ойнайды. Ол америкалық франшизаның негізгі жұлдыздарының бірі ретінде таныстырылды.
Команда құрамына сондай-ақ мына шахматшылар енді:
- Даниил Дубов — Ресей;
- Нихал Сарин — Үндістан;
- Сара Хадем — Иран;
- Марк-Андриа Маурицци — Франция.
Карлсен мен Ананд та қатысады
Global Chess League турнирінде әлем шахматының танымал өкілдері де бақ сынайды. Норвегиялық Магнус Карлсен Alpine APL Pipers командасында ойнайды.
Әлемнің бұрынғы чемпионы Вишванатан Ананд PBG Alaskan Knights сапын толықтырды. Әлемдік тәжге үміткер Ян Непомнящий да Үндістандағы командалық бәсекеге қатысады.
Бибісара Францияда екі медаль жеңіп алды
Асаубаева Үндістанға Франциядағы сәтті өнерінен кейін аттанады. Қазақстандық шахматшы Сен-Тропедегі WR Women’s Chess Tour 2026 кезеңінде рапидтен алтын медаль иеленіп, блицтен күміс жүлдегер атанды.
Бибісара турнир аяқталғаннан кейін бірнеше күнін Парижде отбасымен бірге өткізді.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.