
17 наурыз күні Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, салдарынан бір адам қаза тапты.
Қайғылы оқиғаның құрбаны – тау шаңғысы спортынан жаттықтырушы мәскеулік Олеся Головина. Ол екі досымен бірге шаңғы теуіп жүрген кезде қар көшкіні астында қалды. Ер адамдар қар астынан өз күшімен шыға алса, Олесяны құтқару мүмкін болмады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мәліметінше, шаңғышылар рұқсат етілмеген аймақта сырғанап, беткейдің тұрақтылығын бұзып, көшкіннің жүруіне себеп болған.
Марқұм Олеся Головина тау шаңғы спортымен 10 жылдан астам уақыт айналысып, Ресейдің әйгілі ЦСКА командасында кәсіби деңгейде жаттыққан. Ол спорт шеберлігіне кандидат атанған тәжірибелі спортшы болған.